Алдағы екі жылда ауыз су мәселесі шешіледі - облыс әкім

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды аймағын ауыз сумен қамту мәселесі күн тәртібінен түспей келе жатыр. Өткен жылы 300 шақырымнан астам су жүргізетін құбырлар және кәріз жүйесі жаңартылды. Алдағы екі жылда ауыз су мәселесі толығымен шешілмек.

Бұл жайында аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек есеп беру жиынында баяндап, жоспарларымен бөлісті.

Жыл сайын облыста жүздеген шақырым су құбырлары мен кәріз жүйесінің құбырлары салынады. Осы шаралардың арқасында қала тұрғындарының 97, ал ауыл тұрғындарының 87 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Ендігі алдымыздағы міндет – 2021 жылдың аяғына дейін барлық қала тұрғындарына, ал 2022 жылдың соңында барлық облыс халқына орталықтандырылған ауыз су жеткізу, - деді ол.

Өткен жылы Жезқазған қаласы он күннен астам уақыт бойы суық сусыз отырған. Жеңіс Қасымбек бұл жағдай енді қайталанбайтындын айтты.

Біз "Қазақмыс" корпорациясымен нақты келісім жасалған. Корпорация "Үйтас-Айдос" су құбырының құрылыс жұмысын жеделдетуді өз мойнына алады. Қазіргі уақытта аталған су құбыры желісін жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Болашақта су құбырының екінші желісін салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, бұндай жағдай қайталанбауы үшін, қала сусыз қалмауы үшін мамыр айына дейін резервтік Кенгір суағызғысын салу аяқталады. Яғни, өткен жылы қыркүйек айында орын алған жағдай қайталануы мүмкін емес, - деп атап өтті Жеңіс Махмұтұлы.

Облыс әкімі жылу маусымына байланысты туындаған мәселелерді де атап өтті. Оның айтуынша, Шахан қаласында орталық жылу жүйесінің қазандығын салу жұмыстары жүргізілуде. Теміртаулықтардың игілігі үшін Елбасының тапсырмасымен ЖЭЦ-2-нің 7-ші қазандығы салынып жатыр. Жыл соңына дейін осы жобаларды аяқтау көзделуде.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы