Екі жерге тіркелген азаматтар бір ғана сайлаушылар тізіміне енгізіледі – ОСК

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ОСК отырысында 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасының Президентін кезектен тыс сайлауында сайлаушылар тізімдерімен жұмысты ұйымдастыру мәселесі қаралды.

«Сайлаушылардың тізімін тұрғылықты жері бойынша тиісті жергілікті атқарушы орган жеке тұлғалар туралы мемлекеттік база деректері негізінде жасайды. Нақтылы сайлау учаскесiнде азаматты сайлаушылар тiзiмiне енгiзу үшiн оның осы сайлау учаскесiнiң аумағында тұрғылықты жерi бойынша тiркелу фактiсi негiз болады», - деп айтты Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.

Республиканың белсендi сайлау құқығы бар азаматтары тиiстi сайлау учаскелерiнің аумағындағы тұрғылықты жерi бойынша бір ғана сайлаушылар тізіміне енгізіледі.

«Уақытша тіркелген азаматтар тұрақты тіркелген жері бойынша тізімнен алынып тасталып, сайлаушылар тізімдеріне өздерінің жергілікті атқарушы органға берген өтініші негізінде енгізіледі. Жергiлiктi атқарушы органдардың лауазымды адамдары тиiстi сайлау комиссиясы ұсынған сайлаушылар тiзiмдерiнiң, сондай-ақ сайлаушылар туралы деректердiң анықтығы үшiн жауапты болады», - деп айтты ОСК төрағасының орынбасары.

Ол әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған кезден бастап, тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы екенін атап өтті. Егер сайлаушыға сайлаудан кемiнде отыз күн бұрын сайлау күнi өзiнiң тiркелген орны бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келе алмайтыны белгiлi болса, жергіліктi атқарушы органға ол өзi болатын жерiн көрсетіп, тиiстi сайлаушылар тiзiмiне енгiзу жөнiнде жазбаша өтiнiш беруге құқылы.

ІІМ жедел мәліметтері бойынша, 2019 жылдың 15 сәуіріндегі жағдайға сәйкес елімізде 324 мың 751 азаматтың уақытша және тұрақты тіркеуде тұрғаны анықталды. ҚР Сайлау туралы Конституциялық заңда азамат бір ғана сайлаушылар тізіміне енгізілуі тиіс деп жазылған. Екі жерге тіркелген әрбір азамат қай жерде дауыс беру ыңғайлы екенін өзі шеше алады, бірақ ол бір ғана сайлау учаскесінің тізіміне енгізілуі тиіс. 

«Заңнамаға сәйкес, орта және арнайы ЖОО-да, сондай-ақ ЖОО-дан кейінгі кәсіби оқу бағдарламасы бойынша күндізгі бөлімде оқитындар, жатақханада тұратындар жатақхананың тұрғылықты орны бойынша сайлаушылар тізіміне енгізіледі.

«Егерде сайлаушы сайлауға 30 күн қалғанға дейін немесе 10 мамырға дейін тіркелген жеріне дауыс беруге келе алмайтыны белгілі болса, жергілікті атқарушы органға сәйкес сайлаушылар тізіміне енгізу туралы жазбаша өтінім бере алады. Жергілікті атқарушы орган тіркелген жеріндегі сайлаушылар тізімінен алынып тасталып, азамат дауыс беретін учаскеге тіркейді. Әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар тізімін дауыс беруге 20 күн қалғанға дейін немесе 20 мамырға дейін тиісті әкім учаскелік сайлау комиссиясына ұсынуы тиіс», - деп айтты ол. 

Азаматтардың тұрғылықты жерi бойынша құрылған сайлау учаскелерiндегi сайлаушылар тiзiмдерiн дауыс беретiн күнге он бес күн қалғанда, яғни 25 мамырдан кешіктірмей, тиiстi сайлау комиссиялары танысу үшiн сайлаушыларға бередi.



 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы