Екі ЖЭО құрылысы бойынша Ресейден әзірге жауап жоқ – Энергетика министрлігі

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ведомствода өткен брифингте үш жылу электр орталығын (ЖЭО) салу барысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін Көкшетау, Өскемен және Семей қалаларындағы ЖЭО жобалары Ресеймен бірлесіп жүзеге асырылады деп жоспарланған болатын.

Үш ЖЭО-ға қатысты айтар болсақ, сіздер білесіздер, жазда Үкімет Көкшетаудағы ЖЭО-ны өз күшімізбен салу туралы шешім қабылдады. Бұл жөнінде Премьер-министріміздің жұмыс сапары барысында Ресей Федерациясын ресми түрде хабардар еттік. Қазіргі таңда жұмыстар басталып кетті. Күзде ЖЭО аумағында жер қазу жұмыстары қолға алынды, алаңды дайындау қарқынды жүріп жатыр. Тапсырыс беруші – Энергетика министрлігі. Біз бұл жобаны «Самұрық-Энергоға» тапсырдық, яғни аталған компания ЖЭО құрылысы бойынша барлық жұмысты атқаратын болады, – деді министр.

Ал қалған екі ЖЭО-ға қатысты мәселе әлі де ашық күйінде қалып отыр.

Қалған екі ЖЭО бойынша бүгінгі күнге дейін Ресей Федерациясынан жеңілдетілген қаржыландыру мәселесіне қатысты нақты жауап алған жоқпыз. Бұл сұрақты қазақстандық тарап қолайлы сәттерде көтеріп келеді. Алайда мемлекетаралық жеңілдетілген несиелер бойынша әзірге Ресей тарапынан шешім жоқ, – деді Ерлан Ақкенженов.

Министрдің айтуынша, егер алдағы уақытта да жағдай өзгермесе, Қазақстан бұл жобаларды да өз күшімен жүзеге асыруға мәжбүр болады.

Болашақта жағдай осы бағытта қалыптасатын болса, еліміз аталған жобаларды дербес түрде іске асырады, – деп түйіндеді ол.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мұнайының 80%-ы КҚК арқылы тасымалданатыны белгілі болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы