Екі мыңнан астам жас азамат маусымдық жұмыспен қамтылады
Павлодар облысында екі мыңнан астам жас азамат «Жасыл ел» еңбек жасақтарының қатарына қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
«Жасыл ел» облыстық штабының директоры Русана Сулаймонованың айтуынша, экологиялық жасаққа қабылданған жастардың жалақысы орташа есеппен 65-70 мың теңгені құрайды.
Экологиялық және құрылыс жасақтарының жастары жұмыс берушінің жалақысынан бөлек штаб тарапынан сыйақыға ие болады. Осылайша, еңбекақылары 110 мың теңгеге жетеді. Сарбаздардың басым бөлігі Павлодар қаласында жұмыс істейді. Олар абаттандыру, құрылыс, көшелерді қалыпқа келтіру жұмыстарына тартылады. Студенттердің бір бөлігі өздері оқитын оқу орындарының ғимараттарын жөндеуге және аумағын абаттандыруға араласады. Жаз мезгілінде саябақтардың күтімімен айналысады, - дейді Русана Сулаймонова.
Мәселен, биыл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі бойынша абаттандыру жұмысына 300-ден астам колледж студенті тартылады. Жалпы, осы бағытқа сұраныс артқандықтан, биыл экологиялық шаралар мен құрылыс жұмыстарына басымдық беріледі.
Бүгінгі күнге дейін онлайн платформа бойынша мыңға жуық өтініш қабылданды. Еңбек маусымы осы айда басталып, үш айға дейін жалғасады. Бірнеше жасақ күз айларында да жұмыс істейді. Еңбек жасақтарына 16 жастан асқан жастар ғана қабылданады, - дейді штаб өкілдері.
Айта кетейік, 19 жыл ішінде жастар еңбек жасақтарының құрамында 30 мыңнан астам студент пен жұмыссыз жастар қатарындағы азаматтар жұмыс істеген.