Екі мемлекет өзара ауылдарымен алмасты
Қырғызстан мен Тәжікстан шекара бойындағы ауылдар мен жер учаскелерін алмастырды. Бұл туралы Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің (МҰҚК) төрағасы Қамчыбек Ташиев Жогорку Кенештің бірлескен комитет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kg сайтына сілтеме жасап.
Ташиевтің айтуынша, Баткен облысындағы Достук ауылы Тәжікстанға берілді. Ол бұл ауылдың Қырғызстан елді мекендерінен алшақ орналасқанын атап өтті.
Бұл ауыл біз үшін экономикалық немесе стратегиялық тұрғыдан маңызды емес. Бірақ біз оны нөлден бастап салғанымызды айттық. Мұнда жаңа үйлер мен шекара бекеті бар. Сондықтан өтемақы ретінде 30 гектар жер алдық, – деді Қырғызстанның МҰҚК басшысы.
Тәжікстанға берілген жерлер:
- Баткен ауданының Достук ауылы – 91 га
- Мозаита ауылы – 8,3 га
- Көк-Терек ауылы – 17,5 га
- Таш-Тумшук ауылы – 20,1 га
- Дача учаскесі – 5 га
Жалпы: 141,9 га
Қырғызстан алған жерлер:
- Исфара ауданының Самоньон ауылы – 18,4 га
- Дахма учаскесі – 3,1 га
- Ходжаи Алло ауылының бір бөлігі – 21,5 га
- Гавсувар учаскесі – 2,7 га
- Мин-Булак учаскесі (бақшасы бар) – 42 га
- Лаккон учаскесінің бір бөлігі – 55 га
Бұған дейін Ташиев бір ай ішінде Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы мемлекеттік шекара туралы келісімді ратификациялау процесі аяқталатынын хабарлаған болатын.
Еске сала кетейік, 21 ақпанда Бішкекте Қырғызстан мен Тәжікстан тарихи шекара келісіміне қол қойды. Ташиевтің айтуынша, шекара келісімімен қатар, энергетикалық нысандар мен су ресурстары бойынша үкіметаралық келісім, сондай-ақ, қиылысатын автожолдарды пайдалану және жаңа жолдар салу жөніндегі құжаттар дайындалды.
Қазіргі таңда Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасының ұзындығы 972 шақырымды құрайды. Шекара сызығының толық бекітілмеуі салдарынан екі ел арасында шекара маңында жиі жанжалдар орын алып отырған.