«Екі күнде жоямыз»: Трамп Иранға тағы сес көрсетті
АҚШ президенті мәселені дипломатиялық жолмен шешуді қалайтынын, алайда күш қолдану нұсқасы да жоққа шығарылмайтынын мәлімдеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранның қарсылығын бағаламай отырған жоқпыз, бірақ қажет болса Вашингтон «екі күннің ішінде Иранның бүкіл инфрақұрылымын жоя алады» деп мәлімдеді.
Fox News телеарнасына берген сұхбатында Дональд Трамп Қытайға жасаған сапарынан кейінгі Иран төңірегіндегі жағдайға қатысты пікір білдірді.
Америка басшысының сөзінше, ол Иран тарапының мүмкіндіктерін жақсы түсінеді және «ештеңені елемей отырған жоқ». Алайда АҚШ қажет болған жағдайда қысқа уақыт ішінде Иранға ауыр соққы бере алатынын айтты.
Біз Иранның барлық инфрақұрылымын жойған жоқпыз. Қаласақ, барлығын екі күнде жоя аламыз, – деді Трамп.
АҚШ президенті Тегеранмен жүргізіліп жатқан келіссөздер процесін де сынға алып, Иран тарапы өзін «сенімсіз әрі болжап болмайтын» ел ретінде көрсетіп отырғанын айтты.
Олар біз қалағанның бәріне келісуге дайын болды. Бірақ келісімге келгеннен кейін, келесі күні ондай әңгіме болмағандай әрекет етеді. Мұндай жағдай бес рет қайталанған шығар. Оларда бір мәселе бар, – деді ол.
Трамп қақтығысты шешудің әскери де, дипломатиялық та жолы болуы мүмкін екенін айтып, көп нәрсе Иранның ұстанымына байланысты екенін жеткізді.
Не бәрі қатаң болады, не күш қолданылмайды. Мен күш қолданылмайтын нұсқаны қалар едім, – деді АҚШ президенті.
3 қарашада өтетін АҚШ Конгресі сайлауы туралы сұраққа жауап берген Трамп Иранға қатысты саясатқа сайлау науқанының ықпал етуіне жол бермейтінін айтты.
Иран мәселесі бойынша шешімді сайлау анықтамайды, – деді ол.
Сонымен қатар Трамп Тегеран ядролық қаруға ие болмауы тиіс екенін тағы да қайталады.