Екі күнде үш адам есірткі қылмысы үшін өлім жазасына кесілді
Сингапурда өткен аптада есірткі қылмыстары үшін үш ер адам дарға асылды. Осылайша 2025 жылы өлім жазасына кесілгендер саны 17-ге жетіп, бұл 2003 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.
Сингапур әлемдегі ең қатаң есірткі заңдары бар мемлекеттердің бірі. 15 грамнан астам героин, 30 г кокаин, 250 г метамфетамин немесе 500 г каннабис тасымалдау мен сатуға қатысты кез келген іс бойынша автоматты түрде өлім жазасы қарастырылған.
Алайда адам құқықтарын қорғаушылар бұл шара конституциялық құқықтарға қайшы келеді деп санайды және міндетті өлім жазасын жоюды талап етіп, сотқа жүгінді. Олар заң негізінен табысы төмен, әлсіз топтардың курьерлерін жазалайтынын, ал есірткі таратуды ұйымдастыратын топ басшылары көбіне жауапкершіліктен тыс қалатынын айтады.
Сингапур билігі керісінше, өлім жазасы қылмыстың алдын алудың маңызды тетігі екенін алға тартады.
Қоғамды қорғау үшін біз не істесек те, ең алдымен адамдардың өмірі мен қауіпсіздігін ойлаймыз, – деді елдің ішкі істер министрі К. Шанмугам.
Өлім жазасына тартылғандардың бірі – малайзиялық Саминатан Сельвараджу. Ол 2013 жылы 300 грамнан астам героин тасымалдады деп айыпталып, бірнеше жыл бойы жазаны қайта қарау үшін түрлі шағымдар түсіргенімен, өткен бейсенбіде жазасы орындалды.
Еуропалық Одақ өкілдері Сингапурдағы өлім жазасының жиілегенін сынға алып, есірткі қылмыстары «ең ауыр қылмыстар» санатына кірмейтінін атап өтті.
Дегенмен, 2023 жылғы сауалнамада сингапурлықтардың 69%-ы ірі көлемде есірткі саудасымен айналысқандар үшін өлім жазасын қолдайтынын білдірген.