26 Қараша 2026, 01:51 Фото: Ақорда

Екі ел арасындағы тауар айналымы 30 млрд долларға жақындады – Путин

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанға сапармен келгені үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Біз Қазақстанда және Ресейде, сондай-ақ түрлі халықаралық іс-шаралар алаңында ұдайы кездесіп жүрміз. Бұл жолы Сіз жасанды интеллектіні дамыту саласында «Сбербанк» ұйымдастырған конференцияның құрметті қонағы ретінде келіп отырсыз. Қазақстанда ақпараттық технологияларды дамытуға баса мән беретініңізді білемін. Сізге сала мамандарының ой-пікірін тыңдау, жастармен, оқушыларымен және студенттермен сұхбаттасу, Ресей мен Қазақстанның жоғары технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастығы жайында әңгіме өрбіту қызықты боларына сенімдімін. Екі елдің тауар айналымы қарқынды түрде өсіп келеді. Отыз миллиард долларлық межеге жақындап қалды. Ұлттық валюталарымыз арқылы есеп айырысу үлесі артып, 90 пайыздан асты. Үкіметаралық комиссия қос тарапта да белсенді жұмыс істеп жатыр. Жалпы алғанда, барлық бағытта ойдағыдай ілгерілеп келеміз. Меніңше, біздің тұрақты кездесулеріміз осы үдерістің қарқын алуына белгілі бір деңгейде оң әсер етіп отыр, – деді Ресей Президенті.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ энергетика, өндіріс, ауыл шаруашылығы және көлік-логистика салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру барысына тоқталды.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.