21 Қыркүйек 2026, 17:14 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Екі айдан астам еңбекке жарамсыздық: Аурулар тізімі қайта қаралады

Денсаулық сақтау министрлігі жаңа тізбе жасайды.

Денсаулық сақтау министрлігі еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімі екі айдан асатын аурулардың тізбесін нақтылауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі «Екі айдан астам еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімі белгіленген аурулардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1033 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасын әзірледі.

Нормативтік құқықтық актінің жобасы денсаулық сақтау саласындағы құқықтық реттеуді жетілдіру, сондай-ақ аурулар тізбесін Аурулардың халықаралық жіктемесінің (АХЖ) тиісті кодтарымен толықтыру арқылы нақтылау мақсатында әзірленген.

Министрлік ұсынған өзгерістер ауруларды бүкіл ел бойынша біркелкі анықтауға бағытталған. Тиісті түзетулер қолданыстағы аурулар тізбесіне өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасында көзделген.

Аурулардың атауларын Аурулардың халықаралық жіктемесінің тиісті кодтарымен толықтыру ұсынылады. Бұл ауруды нақты анықтауға және тізімді практикада қолдану кезінде әртүрлі түсіндіруге жол бермеуге мүмкіндік береді. Осылайша, ұсынылып отырған өзгерістер нақтылау сипатында. Олар қолданыстағы реттеуді жетілдіруге және аурулар тізімімен жұмыс істеу кезінде бірыңғай тәсіл қалыптастыруға бағытталған, - делінген министрлік таратқан хабарламада.

Жобаны қабылдау заңнама нормаларын біркелкі қолдануды қамтамасыз етуге, жекелеген ауруларды әртүрлі түсіндіруге жол бермеуге және тізбені практикада қолдану кезінде ауруларды сәйкестендірудің дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді.

Құжатта көрсетілгендей, жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды. Сондай-ақ жоба ережелерінің ұлттық қауіпсіздікке әсері болмайды.

Тағы оқи отырыңыз: 8,5 млн анықтама онлайн берілді: Қазақстанда медицина қалай цифрланып жатыр?