Екі айда агенттіктің ақпараттық штабы 23 155 адамды қамтыды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде республикалық ақпараттық үгіт-насихат штаб жұмысының тоқсанаралық қорытынды жиыны өткізілді.
Жиынға агенттіктің басшылығы, сондай-ақ республикалық ақпараттық үгіт-насихат штабының мүшелері қатысты.Барлық облыстар мен қалалар тұрғындарын толығымен қамту үшін агенттік тарапынан 227 адамнан тұратын аймақтық ақпараттық үгіт-насихат штабтары жұмыс істеді. Штаб мүшелерінің қатысуымен Нұр-Сұлтан, Алматы және Алматы облыстарында тұрғындарымен, еңбек ұжымдарымен, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен, оқу орындарының өкілдерімен және студенттерімен кездесулер өтті. Жалпы республика бойынша 190 іс-шара өткізіліп, жалпы саны 23155 адамды қамтыды, - деді республикалық штабтың төрайымы Ырза Тұрсынзада.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында баршамыздың ортақ міндетіміз – "тыңдаушы мемлекет" тұжырымдамасын жүзеге асырудың қажеттілігін айтқан болатын.
Бұл орайда 2019 жылдың қараша айының соңында халықтың пікірін ескере, қоғамда парасаттылық қағидаларын қалыптастыру мақсатында республикалық ақпараттық- үгіт-насихат штабы құрылған болатын.
Агенттік өкілі мен штаб басшылығы бұл игі бастаманы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қазіргі саясатты жүзеге асырудың негізі тұтастық идеологиясы деп отыр.
Ақпараттық үгіт-насихат штабының міндеті – халық арасында, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік органдарда, сондай-ақ өскелең ұрпақ арасында парасаттылық қағидалары арқылы қоғам мәдениетін дамыту үшін кең ақпарат тарату. Ұлттық құндылықтарды ұлықтамай, мәдениетті қалыптастыру, ауқымды әлеуметтік өзгерістерге қол жеткізу мүмкін емес, - деп санайды штабтың басшысы Ырза Тұрсынзада.
Айта кетейік, республикалық ақпараттық үгіт-насихат штаб мүшелері – қоғам қайраткері, режиссер, жазушы – Ермек Тұрсынов, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі – Мырзатай Жолдасбеков, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының V-VI съезінің депутаты – Жабал Ергалиев, Парламент Мәжілісінің депутаты – Ирина Смирнова, "Қазақстандағы парламентаризм қоры" басқармасының төрайымы – Зәуреш Батталова және тағы басқа да өкілдер.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы