Екі айда 1600-ден аса өтініш түсті – Антикор
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. AntikorNews алаңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құжат айналымы басқармасының басшысы Нұрлан Садыбеков агенттіктің халықпен өзара іс-қимылы жөніндегі 2 айлық қызметі туралы баяндады.
Осы жылдың 2 айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке 1 676 өтініш келіп түсті. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 8%-ға көп. Бұл сан жыл сайын артуда. Орталық аппаратқа келіп түскен өтініштердің үлесі 30%-ды, яғни 8 969 өтінішті құрайды, - деді ол.
Оның сөзінше, өтініштер санының өсуі халықтың құқықтық сауаттылығының арттырумен, сондай-ақ азаматтармен кері байланыстың тұрақты түрде жетілдірілуімен байланысты.
Әрбір өтініш мұқият қаралады, содан кейін агенттіктің әлеуетін пайдалана отырып, белгіленген проблемаларды шешу бойынша жан-жақты шаралар қабылданады.
Қаралған өтініштердің жалпы санының 23%-ы қанағаттандырылды. Бұл 384 өтініш. 2019 жылдың қыркүйегінен бастап азаматтарды жеке қабылдаудың жаңа кезеңділігі енгізілді, оған сәйкес агенттік төрағасы азаматтарды апта сайынғы негізде, ал оның орынбасарлары мен агенттіктің құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің басшылары күн сайын қабылдайды, - деп түсіндірді басқарма басшысы.
Агенттіктің мәліметінше, 2021 жылдың 2 айы ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық департаменттерінде 258 қабылдау өткізіліп, 374 азамат 312 мәселе бойынша қабылданды. Сондай-ақ агенттіктің басшылық құрамы 2021 жылдың 2 айы ішінде азаматтарға 19 жеке қабылдау өткізді, 26 мәселе бойынша 26 азамат қабылданды.
Еске салсақ, бұған дейін сотталған кеден қызметкерлеріне 21 млн теңге айыппұл салынғаны хабарланды.