Екі аптадан кейін күшіне енеді – Тоқаев зорлық-зомбылыққа қатысты заң туралы

Ғалымдармен кездесу барысында Қазақстан Президенті осылай деді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының сөзінше, қазір қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі кеңінен талқыланып жатыр. Бұл агрессия мен қатыгездіктің кез келген түріне төзбейтінін көрсетіп келе жатқан біздің қоғамның құндылықтар жүйесіндегі оң өзгерістерді білдіреді. 

Мен Президент қызметіне кіріскен алғашқы күндерден бастап әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға баса мән беремін. Біз бұл бағытта заңнамалық және институционалдық шараларды дәйекті түрде қабылдап келеміз. 2022 жылдың қыркүйек айындағы Жолдауымда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілікті күшейтуді тапсырдым. Әрине, жұртшылықтың бәрі бірдей емес, дегенмен құқық қорғау органдарының өкілдері отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық әрекет деп тануды жақтағанын мойындауымыз керек. Сол кезде бұл бағыттағы негізгі нормалар мен бастамалардың жұмыс істеп тұрғаны және кейбір мемлекеттік органдардың, сондай-ақ қоғамның консервативті бөлігі бұл заңға қарсы болады деген пікір айтылды. Бірақ мен мұндай тағылық әрекетпен құқықтық, әсіресе заңнамалық тұрғыда күресті күшейту керек екенін қадап айттым. Өздеріңізге мәлім, биыл сәуір айында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтетін, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Заңға қол қойдым. Екі аптадан кейін бұл толықтырулар күшіне енеді. Жаңа нормалар біздің қоғамды жаңғыртуға, отбасы институтын нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін. Өйткені әйелдер мен балалардың құқықтарын жан-жақты қорғау дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтауға мүлдем қайшы келмейді, керісінше оларды күшейтуге ықпал етеді. Ана ұлтты тәрбиелейді. Әйелді құрметтей білетін қоғам шын мәнінде өркениетті, мәдениетті қоғам болмақ. Әрине, бір Заңмен барлық мәселе шешілмейтіні анық. Ең бастысы, өзгерісті әркім өзінен бастауы керек. Әр үйде отбасы құндылықтары орнығуы қажет. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру осындай қарапайым дүниеден басталады, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы