Екі апта үзбей ем қабылдаған науқастың дерті өзгелерге жұқпайды – бас дәрігер
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. 2014 жылдың деректері бойынша Қазақстан Еуропа өңіріндегі туберкулездің таралу деңгейі жоғары 18 елі арасынан 7-орынға шыққан. 2016 жылы Қазақстанда бұл көрсеткіш 100 мың халыққа шаққанда 99-ға жетіп отыр. Бұл туралы Түркістан облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Болатхан Сағымбеков айтты.
2016 – 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін халықтың денсаулығын нығайту көзделген. Бағдарламада қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту, аурулардың профилактикасын және басқаруды жетілдіру, денсаулық сақтау жүйесін басқарудың және қаржыландырудың тиімділігін арттыру, ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыру және медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын қамтамасыз ету, ұлттық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саясатын іске асыру міндеттелген.
Болатхан Салыбекұлы, салыстырмалы түрде айтқанда, Түркістан облысындағы туберкулез ахуалы қандай?
– 2016-2025 жылдары Қазақстан Республикасында туберкулезді бірлесіп бақылаудың ұлттық стратегиясын іске асыру үшін туберкулез эпидемиясын жою қолға алынды. Айталық, 100 мың халыққа шаққан кезде, сол елді мекенде науқастың саны 50-ден асса, ол эпидемия болып есептеледі. Сол себепті, мемлекетімізде 2020 жылға дейін аурушаңдықты, екінші 2025 жылға аурудың таралуын төмендету мақсатын қойдық.
Дүниежүзілік ірі мемлекеттерде аурушаңдықтың статистикасын көрсетпейді, олар тек жаңадан ауырғандар мен қайталанғандарды ғана есептейді. 2016 жылы Қазақстанда бұл көрсеткіш 100 мың халыққа шаққанда 99-ға жетіп отыр. Өлім-жітімге келетін болсақ, Қазақстанда бойынша бұл көрсеткіш 3,4-ке тең, яғни басқа өркениетті елдерге қарағанда жоғары болып отыр. Туберкулездің бизнеске әсері бойынша дүниежүзілік көрсеткіште еліміз 107 орында тұр, өкпе ауруының анау айтқандай бизнеске әсері жоқ. 2018 жыл туберкулез бойынша аурушаңдық Түркістан облысында 37,8-ді құрады. Яғни Алматы қаласынан кейін екінші орында тұрмыз. Облыста туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
Балалар арасындағы аурушаңдық қай деңгейде?
– Бала – басты байлығымыз, республика бойынша балалар аурушаңдығы 11,9-ды құраса, Түркістан бойынша 5,2 яғни екі есе төмен. Бұл балалардың ата-анасының жауапкершілігі, екіншіден мектеп оқушылары арасында жүргізілген жұмыстар, үшіншіден бастапқы медицинадағы педиатрлық учаскеде істейтін дәрігер мамандардың жұмысы мен әкімшіліктің көмегінің арқасы. Өйткені, облыста бір отбасында ересек ауырған жағдайда ол балаларды тегін емдеу, тегін профилактикалық жұмыстармен айналысу, соңғы үш жылда түбегейлі шешілген. Сондай-ақ, 2018 жылы 395 941 мың балаға манту сынамасы жасалды. 0-14 жастағы балалар арасында туберкулезді ерте анықтау мақсатында туберкулиндиагностикасымен қамту 50 пайыздан 54 пайызға жоғарылады. Мектептерде туберкулезбен ауырып қалу қаупі жоғары 222 бала ыстық тамақпен қамтылды.
Облысымызда туберкулезбен жаңадан ауырған науқастардың өлім-жітімі кездесе ме?
– Қазір ХХІ ғасыр, 60-80 жылдармен салыстыруға болмайды. Қазіргі таңда біздің ұжымның алға қойған мақсаты – жаңадан ауырған науқастардың өлім-жітімін барынша төмендету. Осы тұрғыда біздің мекемеге көрсеткішімізді жөндеу, науқастарды диагностикалау, зерттеу, көмек беру үшін облыс және қалалық денсаулық сақтау басқармалары, басқа да бірде бір мекеме сырт қалып жатқан жоқ. Оларға біз ұжымның және науқастар атынан алғыс айтқымыз келеді. Егер науқастарды қосымша тексеру, консультация қажет болған жағдайда тәуліктің қай уақыты болсын бірде бір мекеме бас тартқан емес. Соның нәтижесінде республика бойынша ең жақсы көрсеткішке қол жеткіздік.
Ауру қайталанған жағдайда не істейсіздер?
– Түркістан облысы бойынша 911 науқас белсенді түрде туберкулезбен есепте тұрады, жалпы ауырып кеткен науқастар саны 3000-нан асады. 5-10-20 жыл бұрын есептен шыққан науқастар болса да, олар өмір бойы есепте тұрады, жылына бір рет тексеріледі. Егер де науқас 1-2 жылдың көлемінде қайтадан туберкулезбен ауыратын болса, сараптама жасаймыз. Бұл медицина мекемесінің немесе учаскелік дәрігердің кемшілігі деп есептейміз. Науқастар емделіп шықса да белгіленген мерзімде уақтылы тексеріліп тұруы керек. 2017 жылы 192 науқас қайталап ауырса, 2018 жылы 157-ге төмендеді.
Жалпы науқас толықтай сауығуы үшін қанша уақыт емделуі тиіс?
– Науқастар ауырғаннан кейін ұзақ емделеді, ең кем дегенде бір жыл, көбі үш жыл. Диагностика қойғаннан кейін мақсатымыз – сол науқасты емдеп, қоғамға, отбасына, жұмысына қауіпсіз жағдайда оралту. ДДСҰ стандарты бойынша жаңа жағдайда тіркелген науқастың емдеу тиімділігі 85 пайыз екені көрсетілген. 2017 жылы – 85,9 2018 жылы – 90,8 пайыз болды. Ауыр жағдайда науқастың емдеу тиімділігі 75 пайыздан төмен болмау керек. 2017 жылы бұл көрсеткіш 78,4 пайызға, 2018 жылы 80,3 пайызға жетті. Бұл жергілікті әкімшіліктің науқастарды әлеуметтік қолдауының арқасында болып отыр. Себебі, науқастардың барлығы жұқпалы кезеңнен өтіп, қоршаған ортаға зиянсыз қабілетке жеткен соң, ол бәрібір өзінің үйіне, ауылына, ортасына барады. Ауырған науқастардың 48 пайызын жұмыссыз деп есептейтін болсақ, олар тек дәрі ішіп қана қоймай, тезірек ауруынан сауығу үшін үйінде ас-ауқаты да дұрыс болуы керек.
Үйіне шығарылған пациентке ақшалай әлеуметтік көмек көрсетілетінін білеміз. Оның биылғы мөлшері қанша?
– Иә, 2015 жылдан бастап Түркістан облысында әр науқасқа үйінде амбулаториялық жағдайда емделіп жазылғанша әлеуметтік көмек беріледі. Биыл оның мөлшері 22 мың теңгені құрайды. Оны алу үшін науқасқа да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Егер де ол емді үзіп, тәртіп бұзатын болса оған аудан, қаладағы әкімшіліктің жанындағы комиссия әлеуметтік көмекті бермейді, басқа шара көріледі. Бұл көрсеткіш ДДСҰ стандарты бойынша 4 пайыздан жоғары болу керек. 2015 жылы – 0,5 пайыз, 2016 жылы – 1,7 пайыз, 2017 жылы – 3,9 пайыз, 2018 жылы жергілікті әкімшіліктің есебінен 4,3 пайызға жетті. 2018 жылы осы науқастардың амбулаториялық жағдайда емделуіне жергілікті бюджеттен 185 миллионға жуық қаражат бөлінді, бұл аз қаражат емес. Мұны басқа облыстар тәжірибе ретінде алып, жүзеге асыруда.
2018 жылы облыста пилоттық жоба ретінде туберкулезге қарсы жаңа дәрілерді дертінен жазылмайды деген науқастарды қолдануды бастап, жақсы нәтижеге қол жеткізгендеріңізді айтып едіңіз. Осы туралы толығырақ айтып берсеңіз.
– Былтыр емес, 2017 жылы бастағанбыз. Жаңа дәрілермен емдеп жатқанымызға екі жыл болып қалды. Нәтижесі қуантарлықтай. Емделмейді деген 85 науқастың 90-95 пайызында туберкулезден толық айығуына мүмкіндігі пайда болды. Бұрын науқастар стационарлық ем қабылдауда ұзақ жатып, кейбіреуі тәртіп бұзатын. Егер де біз ескі тәсілмен емдеп жүре берсек, осы 85 науқасымыз толық емделе алмайтын еді. Препараттардың біразы АҚШ-тан, біразы Жапониядан алынады. Биыл науқастардың емдеу тиімділігін зерттеген соң, мемлекет өзінің есебінен 5-6 облысқа науқастарға дәрі сатып алуға қаражат бөлді. Біздің облыстың тәжірибесін ендігі таңда басқа өңірлер де қолданып көрмекші. Осы жаңа дәрілермен біз науқастардың емделу уақытын екі есе қысқарту мүмкіндігіне қол жеткіздік. Науқастар бұрын кем дегенде 21 айдан 30 айға дейін емделсе, қазір жаңа дәрімен 9-12 ай ішінде емделуде. Дәріні қолдануға болмайтын науқастардың да туысқандары естіп, жаңа дәріні беріңдерші деп келуде. Оларға да түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Туберкулезге қарсы жаңа дәрілерді көрсеткіштерге байланысты кеңінен қолданамыз деп отырмыз.
Бұдан бөлек, біздің диспансерде науқастарды ерте диагностикалау мақсатында бактериологиялық зертхана жұмыс істейді. Зертханадағы молекулярық-генетикалық аппараттармен 2-6 сағат көлемінде барлық тексерілген материалдан науқастарға диагноз қоюға мүмкіндік алдық. Бізде қоғамда туберкулезбен ауырса, оған өмір бойы кесілген үкім сияқты үрке қарайды. Тіркелген науқас екі апта тиімді дұрыс ем қабылдаса, өзінің жұқпа инфекциясын бөлмейді. Екі аптадан кейін науқастың ағзасындағы инфекция толық тоқтайды.
Ішкі-сыртқы көші қонға байланысты туберкулезбен ауыратындарды қалай анықтайсыздар?
– Біріншіден, Қазақстан азаматтары еліміздің қай түкпірінен келсе де біздің мекемеден тегін ем алады. Мәселен, мекенжайы елордамызда тіркеулі болса да осы жерден емделе береді. Ал сыртқы Қазақстанға заңды кірген азаматтар міндетті түрде флюрографиядан өтуі керек. Сарыағаш, Қапланбек елді мекенінде арнайы мемлекеттік ұйым осы істі ұйымдастырады. Ауырған жағдайда тәртіп пен талап бар. Шетелдік азаматтар қоршаған ортаға зиянсыз жағдайға жеткенге дейін біздің ауруханаларда тегін емделеді. Бүгінге дейін Өзбекстаннан келген 4 науқас емделді, олар елдеріне қайтарылды, біреуі емделіп жатыр. Олардың жол қаражатын мемлекеттік емес ұйымдар өз мойнына алады.
Туберкулезді хирургиялық жолмен емдеу қаншалықты тиімді?
– Туберкулезді емдеу мәселесінде хирургиялық ем, негізгі емнің бір түрі болып саналады. Операциялар негізінде туберкулездің кавернозды, фиброз-кавернозды түрлеріне жасалынады. Айтылған диагноздарға хирургиялық емнің тиімділігі 78-82% . Сонымен бірге плевра эмпиемасы, өкпеден қан тастау және «спонтанный пневмоторакс» болған жағдайда хиругиялық ем ең негізгі болып табылады.