Екі әкімдік тарапынан нақты шаралар қабылданған жоқ - Мәди Ахметов
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мәди Ахметов Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа елорда маңындағы ауылдардың мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Депутат атап өткендей, 2013 және 2017 жылдары Астана агломерациясын өңіраралық дамытудың жоспары мен схемасы бекітіліп, аталған құжаттарда іргелес елді-мекендердің әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ, 120 мыңнан астам тұрғыны бар Ақмола облысына қарасты үш ауданының тыныс-тіршілігін жақсарту көзделген.
Қабылданған жоспарды орындаймыз деп жүріп бес үкімет басшысы ауысқанымен айтарлықтай нәтиже болмады, өкінішке орай, барлығы қағаз бетінде қалды. 2019 жылы Мемлекет басшысы жылдар бойы бір әкімнен келесі әкімге мұра болған мәселені шешуге бағытталған атқарушы биліктің мардымсыз әрекеттерін сынға алып, елорда және Ақмола облысының әкімдеріне жақын маңдағы елді мекендерді дамыту жөніндегі жоспарларын сәйкестендіруді тапсырған болатын. Әйтседе, Президент берген тапсырмаға 3 жыл өткеніне қарамастан, екі әкімдік тарапынан нақты шаралар қабылданған жоқ, – деді М.Ахметов.
Тұрғындардың айтуынша, сумен қамтамасыз ету, сапалы медициналық қызмет көрсету, жолдарды жөндеу және әлеуметтік нысандарды салу, сондай-ақ үздіксіз электрмен жабдықтау мәселелері ондаған жылдар бойы шешілмеуде. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары жыл сайынғы көктемгі су тасқынынан зардап шегуде.
Әсіресе заңсыз қоқыс полигондарының мәселесіне назар аударғым келеді. Мәселен, тек Ақмола облысында 800-ден астам заңсыз қоқыс орны анықталған. Қоқыстың негізгі жиналатын орындары елорданың шеткі елді-мекендері болып отыр.
Сондай-ақ, жылдар бойы қала маңындағы ауылдарға қатынайтын қоғамдық көліктерді дамытуға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келеді. Күн сайын Елордаға Қараөткел және Қаражар кенттерінің 24 мың тұрғынының 11 мыңнан астамы жұмысқа қатынайды.
Әрине, жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін қаржы қажет. Алайда, мәселелердің бір бөлігін ұйымдастырушылық деңгейде шешуге болады ғой?! Мысалы, Елордаға жақын орналасқан Жібек жолы ауылының тұрғындары аудан орталығынан 40 шақырымда орналасқан медициналық жәрдем бригадасын сағаттап күтуге мәжбүр. Ал жақын маңдағы жедел жәрдем станциясы Елорда аумағында орналасқан. Бұл жергілікті атқарушы органдар өзара келісімге келу арқылы шешуге болатын қарапайым мәселелердің бір ғана, – деді депутат.
Осы айтылғандарды ескере отырып, Мәжіліс депутаты елорда мен Ақмола облысының әкімдеріне «Агломерацияларды дамыту туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануын күтпей, тізесі шыққан проблемаларды шешу бойынша нақты шаралар қабылдаудын тапсыруды сұрады.