Екі адамның өліміне кінәлі деп танылған ресейлік дәрігер елден қуылды

Пациенттің өліміне кінәлі деп танылған ресейлік дәрігердің елден қуылуына қатысты Алматы қаласы Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Басқарма таратқан мәліметке сәйкес, "Қордай авто" бақылау-өткізу пунктінде РФ азаматы Роман Алферов Шекара қызметінің қызметкерлеріне тапсырылған.  

 Наурызбай аудандық сотының 2021 жылғы 27 шілдедегі шешімімен Алматы қаласы ПД Алмалы аудандық ПБ арызы бойынша Қазақстан заңнамасын бұзған Ресей азаматы Роман Алферов Қазақстан шекарасынан шығарылды. Сот шешімін өз еркімен орындауға 10 күн мерзім берілген, алайда осы уақыт ішінде шетелдік азамат әртүрлі жолдармен сот шешімін орындаудан жалтарған, яғни бірнеше рет кассациялық шағым берген, стационарда емделген. Сонымен қатар ол Қазақстанда болған кезінде бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке және бір рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған, - деді Алматы қалалық ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов.

Ресейлік пластикалық хирург Роман Алферов екі пациенттің өліміне кінәлі деп танылып, 2,5 жылға бас бостандығынан айыру туралы өкім шығарылған. Алайда қылмыс жасалғаннан бері біраз уақыт өтіп кеткендіктен ол жазадан сытылып шыққан. Операциядан соң көз жұмған тағы бір әйелдің туыстары хирургпен өзара мәмілеге келген. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы