Екатерина Смолякова: Respublica үш жылда өңірлік партиядан республикалық саяси күшке айналды
Смолякова партияның үш жылдағы жұмыс қорытындысын таныстырып, заң шығару, өңірлік жұмыс және қоғамдық бастамалардың нәтижесін баяндады.
Елордада өтіп жатқан Respublica партиясының кезектен тыс V съезінде партия атынан сайланған Мәжілістің бұрынғы депутаты Екатерина Смолякова ұйымның үш жылдағы жұмысының қорытындысын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, қысқа уақыт ішінде партия елдің барлық өңірінде жұмысын жолға қойып, заң шығару қызметінен бастап азаматтармен кері байланысқа дейінгі бірнеше бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізген.
Смолякованың мәліметінше, бүгінде Respublica құрамында 205 мыңнан астам партия мүшесі бар. Ұйым Қазақстанның барлық өңірінде филиалдарын қалыптастырып, осы уақытқа дейін 7,5 мыңнан астам іс-шара өткізген. Партия бастамаларына жалпы бір миллионнан астам азамат қатысқан. Сонымен қатар еліміз бойынша 245 бастапқы партия ұйымы жұмыс істейді. Оның айтуынша, бұл көрсеткіштер партияның тек сайлау науқаны кезінде ғана емес, күнделікті қоғамдық жұмыста да белсенді екенін көрсетеді.
Спикер 2023 жылғы Мәжіліс сайлауына да тоқталды. Оның айтуынша, сол кезде партияға 547 мыңнан астам сайлаушы дауыс беріп, нәтижесінде Respublica Парламентте өз фракциясын құрды. Осы арқылы азаматтардың мүддесін ұлттық деңгейде көтеруге мүмкіндік алғанын айтты. Смолякова сайлаудағы басты жетістік мандат саны емес, қоғамның сенімі екенін ерекше атап өтті.
Үш жыл ішінде парламенттік фракция мүшелері 300-ден астам заң жобасын әзірлеуге қатысып, 30 заңнамалық бастама көтергенін мәлімдеді. Оның айтуынша, депутаттар кәсіпкерлікті қолдау, өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат, инфрақұрылым және туризм бағыттарындағы мәселелерге басымдық берді. Бұл жұмыс партияның Парламенттегі қызметін нақты өзгерістерге бағытталған алаңға айналдырды, - деп атап өтті Смолякова.
Смолякова азаматтармен тұрақты байланыс партия жұмысының негізгі қағидаларының бірі екенін жеткізді. Оның айтуынша, осы кезеңде депутаттар мен партия өкілдері 400-ден астам өңірлік сапар ұйымдастырып, 5 675 қоғамдық қабылдау өткізген. Жалпы 12 мыңнан астам азаматтың өтініші қаралып, олардың 6 мыңнан астамы оң шешімін тапқан. Сонымен қатар депутаттардың қызметі туралы 29 мыңнан астам жарияланым жарық көрген. Оның пікірінше, әрбір азаматтың өтініші – ең алдымен сенімнің көрінісі, сондықтан партия ешбір мәселені назардан тыс қалдырмауға тырысады.
Сонымен қатар ол жастар мен әйелдердің қоғамдық белсенділігіне ерекше тоқталды. Екатерина Смолякованың айтуынша, POLITIQ көшбасшылық мектебінде 1347 адам білім алған. Бағдарламаға Қазақстанның барлық өңірінен жастар қатысып, қоғамдық басқару, көшбасшылық және практикалық саясат негіздерін меңгерген. Ал Respublica Jastary жастар қанаты үш жыл ішінде 200-ден астам іс-шара өткізіп, мыңдаған жасты ортақ жобаларға жұмылдырған.
Re.Women әйелдер қауымдастығының қызметі де кеңейген. Спикердің айтуынша, бір жылдың ішінде жобаға 22 мыңнан астам әйел қосылып, мыңнан астам іс-шара және еліміздің әр өңірінде 20 форум ұйымдастырылған. Бұл бастама әйелдердің мәселесін ғана емес, олардың қоғамдағы мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған алаңға айналған, - деді спикер.
Өңірлік жұмыстың нәтижелері туралы айта келе, Екатерина Смолякова бүгінде партиядан 73 мәслихат депутаты сайланғанын айтты. Олар осы уақытқа дейін 1748 депутаттық сауал жолдап, нәтижесінде 690 мәселенің шешілуіне ықпал еткен. Бұдан бөлек, партияның өкілдері атқарушы билік жүйесінде де жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда Respublica қатарынан 17 әкім, оның ішінде бір аудан әкімі және 16 ауылдық округ әкімі қызмет атқарады.
Сөз соңында Екатерина Смолякова алдағы Құрылтай сайлауын партия жұмысының үш жылдағы нәтижесіне берілетін саяси баға деп атады. Пайымдауынша, Respublica бұл науқанға қалыптасқан командамен, тәжірибелі депутаттармен, өңірлердегі берік құрылыммен және азаматтардың сенімімен келіп отыр. Партияның негізгі ұстанымы – әділ бәсеке, ашық диалог және қоғамға қызмет ету қағидаттарына сүйене отырып, Қазақстанның одан әрі дамуына үлес қосу.