Еговқа жасанды интеллект қосылады – министр
Бұл туралы «Digital Almaty» форумында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
БҰҰ рейтингі бойынша Қазақстан бүгіннің өзінде онлайн қызмет көрсетуден 8-орында тұр. Ал жалпы цифрлық даму деңгейі бойынша 28-орындамыз.
Бүгінгі мемлекеттік қызметтің 93%-ы электронды түрде көрсетілсе, 50 млн анықтама мүлдем алынып тасталды. Себебі біз ақпараттық жүйелерді біріктіріп, мемлекеттік мекемелерге анықтама сұрауға тыйым салдық - деді министр.
Сондай-ақ ол ЖИ-ді электронды үкімет жүйесіне енгізу жұмыстары басталып кеткенін мәлімдеді.
Енді ары қарай не болады? Біз биыл жасанды интеллектіні egov жүйесіне кіріктіру жұмыстарын бастадық. Біз азаматтардың нұсқаулықты үйренумен уақыт құртпай, әңгімелесу форматында мемлекеттік қызметтерді ала алғанын қалаймыз. Egov AI - ары қарай дамудың қадамы. Тұрғындарымыз, кәсіпкерлер мен шетелдік қонақтар мемлекеттік құрылымдардан барлық қажеттілігін ChatGPT форматында ала алатындай деңгейге жетуді мақсат тұтамыз. Қазірдің өзінде Nazarbaev университетімен бірге ChatGPT-дың қазақстандық баламасын жасауға кірістік. Бірақ бұл өзгелердің дайын жобаын қайта жасап шығу болмайды. Біз Қазақстанның жасанды интеллект әлеміне өз шешімімен кіргенін қалаймыз, - деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.