eGov «қызметкері» Тараз тұрғынының атына 7 несие рәсімделгенін айтып, 2 млн теңгесінен айырды
eGov «қызметкері» Тараз тұрғынының атына жеті несие рәсімделгенін айтып, 2 млн теңгеден астам ақшасын алдап алған.
Тараз тұрғыны интернет-алаяқтардың құрбаны болып, 2 млн теңгеден астам қаражатынан айырылды. Алаяқтар өздерін eGov қызметкерлері ретінде таныстырып, әйелдің атына жеті банктен несие рәсімделгенін айтқан. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, алаяқтар алдымен әйелге телефон арқылы хабарласып, оның атына электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) рәсімделгенін айтқан. Кейін WhatsApp мессенджері арқылы басқа адамдар байланысып, жәбірленушінің атына жеті банктен несие рәсімделгенін жеткізген.
Алаяқтар заңсыз рәсімделген несиелердің алдын алу сылтауымен әйелді ақшасын «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндірген. Нәтижесінде Тараз тұрғыны үшінші тұлғалардың шоттарына 2 млн теңгеден астам қаражат аударған.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Бас прокуратура соңғы уақытта алаяқтардың мемлекеттік органдар мен сервистердің қызметкерлері ретінде қоңырау шалатын жаңа тәсілге көшкенін ескертеді. Тек соңғы бір айдың ішінде елімізде өзін eGov қызметкері ретінде таныстырған алаяқтарға қатысты 30-ға жуық факт тіркелген.
Құзырлы органның мәліметінше, интернет-алаяқтықтың жалпы саны 14,8 пайызға төмендеген. Алайда қылмыскерлер азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдерін қолдануын жалғастырып отыр.
Еске салайық, бұған дейін алаяқтар несиелерге қатысты жаңа схема ойлап тапқанын хабарладық. Мамандардың айтуынша, алаяқтар азаматтардың атына қашықтан қарыздар ресімдеу үшін әлеуметтік инженерия әдістерін белсенді түрде пайдалануды жалғастыруда.