EGov порталының жұмысы қалпына келтірілді
3 тамызда таңертеңнен бастап ақауға байланысты жекелеген мемлекеттік базалар мен электронды үкіметтің кейбір қосымшалары істен шыққан болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Электронды үкімет компоненттерінің, соның ішінде eGov порталының, EGOV mobile мобильдік қосымшасының және негізгі Мемлекеттік деректер базасының (МДБ, ЖТ, ЗТ және т.б.) жұмысы қалпына келтірілгені хабарланды.
"ҰАТ" АҚ қызметкерлері электронды үкімет компоненттері мен Мемлекеттік деректер қорының жұмысын қалпына келтіру бойынша барлық қажетті жұмыстарды жүргізді. Сонымен қатар, орын алған ақауларға талдау жүргізіліп жатыр. Электронды үкіметтің ақпараттық жүйелеріндегі кез келген ақау ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс жайты ретінде тіркелетінін атап өткім келеді. Жан-жақты талдау қорытындылары бойынша болашақта осындай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін нақты шаралар қабылданатын болады. Уақытша қолайсыздықтар үшін қолданушылардан кешірім сұраймыз, – деді "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ Басқармасының төрағасы Ростислав Коняшкин.
Қазіргі уақытта "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ мамандары сервистердің жұмысқа қабілеттілігін толық қалпына келтіру бойынша жұмыстарды ары қарай жалғастыруда. Құзырлы мекеме жақын уақытта барлығы толықтай қалпына келтіріледі деп уәде етті.