Енді eGov.kz-те борыштық жүктеменің кімге төмендетілетінін білуге болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ eGov.kz порталында "Борыштық жүктемені азайту бағдарламасына қатысу үшін мәртебені тексеру" жаңа сервисінің іске қосылғаны туралы хабарлайды.

Енді әрбір пайдаланушы сервистері бар модульдегі тиісті бағанды таңдап, оның берешекті өтеу жөніндегі шараларға қатысатын тұлғалар санатына жататынын тексере алады. Ақпаратты үйден шықпай-ақ "Электрондық үкімет" порталынан алуға болады.

Осы сервисті алу үшін eGov.kz порталында тіркелген пайдаланушы болу қажет екенін естеріңізге сала кетейік.

Бұл сервис ақпараттық сипатқа ие екенін атап өткіміз келеді.

Қазақстан Республикасының Президенті ағымдағы жылдың 26 маусымында "ҚР азаматтарының борыштық жүктемесін азайту жөніндегі шаралар туралы" Жарлыққа қол қойғаны белгілі.

Төменде көрсетілген санаттағы борышкер азаматтардың кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша борыштық жүктемесін азайтуға құқығы бар (2019 жылғы 26 маусымдағы жағдай бойынша):

1.    көпбалалы отбасылар;

2.    асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлемдер алатын отбасылар;

3.    мүгедек балалары бар және 18 жастан асқан бала кезінен мүгедек балалары бар отбасылар;

4.    атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар;

5.    жетім балалар;

6.    ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айырылған, 29 жасқа толмаған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар

Бұл ретте тұтынушылық қарыз шарттары бойынша жалпы берешек сомасы 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауға тиіс.


 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы