eGov бұзылып, 15 миллион қазақстандықтың дерегі тарап кетті ме? – Министрлік жауап берді
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі түсіндірді.
eGov жүйесінің бұзылғаны және 15 миллион қазақстандықтың дербес деректерінің тарап кеткені туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде мәлімдеді.
Ведомство уәкілетті органдармен бірлесіп электрондық үкіметтің ақпараттық жүйелеріне техникалық тексеру жүргізді. Мамандар жүйелердің бұзылу фактілерін анықтаған жоқ.
Даркнеттегі файлдарды тексеру
Министрлік өкілдері бұған дейін даркнетте сатылымға шығарылған файлдарға қол жеткізді.
Жүргізілген талдау жарияланған массивтің әртүрлі файлдар мен суреттердің жиынтығы екенін және eGov жүйесінен алынған деректер еместігін көрсетті.
Министрлікте басқа да бірқатар сәйкессіздіктер бар екені аталып өтті. Тіпті хабарландыруда көрсетілген базаның көлемі мен мазмұны бір-біріне қайшы келеді.
Бұдан бөлек, eGov ақпараттық жүйелерінде хабарландыру авторы ұсынғандай паспорттардың скан-көшірмелері сақталатын база жоқ. Цифрлық құжаттар мүлдем басқа форматта қалыптастырылады және сақталады.
Деректердің тарағаны туралы ақпарат қайдан шықты?
Бұған дейін даркнетте Қазақстанның шамамен 15 миллион тұрғынының дербес деректерін қамтиды делінген базаның сатылатыны туралы хабарландыру пайда болған еді.
shymzz13 никнеймін пайдаланған қолданушы Қазақстан халқының шамамен төрттен үш бөлігінің базасы бар екенін алға тартты. Оның айтуынша, көлемі 2,7 ГБ болатын файлда 47 миллионға жуық жол бар.
Хабарландыру авторы бұл базада паспорттық деректер, телефон нөмірлері, электрондық пошта мекенжайлары, жұмыс орны туралы мәліметтер, құжаттардың скан-көшірмелері мен парольдер бар деп мәлімдеген.
Осы ақпарат пайда болғаннан кейін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі профильді қызметтермен бірлесіп техникалық тексеру жүргізілетінін хабарлады.
Хабарландырудағы деректер неге eGov жүйесімен байланыстырылмады?
Ведомство бұған дейін де жарияланған мазмұнның бір бөлігі электрондық үкіметтің деректер құрылымы мен форматына сәйкес келмейтініне назар аударған болатын.
Енді министрлік тексерудің eGov ақпараттық жүйелерінің бұзылуын анықтамағанын ресми түрде мәлімдеді.
Сондай-ақ ведомствода даркнеттегі анонимді хабарландырудың өзі жүйенің бұзылғанына немесе деректердің тарап кеткеніне дәлел бола алмайтынын атап өтті.
Қазақстандықтарға не ұсынылады?
Министрлікте азаматтарды цифрлық қауіпсіздіктің негізгі ережелерін сақтауға шақырды:
-
бөгде адамдарға SMS-кодтарды, парольдерді және ЭЦҚ деректерін бермеу;
-
күмәнді сілтемелерге өтпеу;
-
әртүрлі сервистер үшін әртүрлі парольдерді пайдалану;
-
деректердің тарап кеткені туралы хабарламаларға сақтықпен қарау.
Осылайша, eGov жүйелерінен Қазақстанның 15 млн азаматының деректері алынды деген ақпарат расталмады.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қосымша ақпарат пайда болған жағдайда, ол жұртшылыққа ұсынылатынын хабарлады.
Бұған дейін даркнетте Қазақстанның 15 млн азаматына қатысты деректер сатылымға шығарылғаны туралы ақпарат тарағаны хабарланды.