Египетте жантүршігерлік жол апатынан 10 адам қаза тауып, 24-і жараланды
Шағын автобус жүк көлігіне соғылған.
Египеттің Каир қаласының батысындағы Гиза провинциясында шағын автобус пен жүк көлігі соқтығысып, 10 адам қаза тапты.
Ahram Online басылымының мәліметінше, ірі жол апаты 2026 жылғы 31 қазанда таңертең болған. Соңғы деректер бойынша, 10 адам көз жұмып, 24 адам жарақат алған. Оқиға орнына 20 жедел жәрдем көлігі жұмылдырылған. Зардап шеккендер жақын маңдағы медициналық мекемелерге жеткізілді.
Жараланғандардың жартысының жағдайы ауыр. Қалғандары жеңіл және орташа деңгейдегі жарақат алған.
Алдын ала мәлімет бойынша, шағын автобус жол жиегінде тоқтап тұрған жүк көлігіне соғылған. Апаттың мән-жайын анықтау үшін прокуратура техникалық сараптама тағайындады. Шағын автобуста кімдер болғаны және олардың арасында шетел азаматтарының бар-жоғы әзірге белгісіз.