Египетте бір жарым жылдан кейін алғаш рет шектеулер алынып тасталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Египетте бір жарым жыл бойы жабық тұрған театрлар, концерт залдары мен түнгі клубтар жұмысын қайта бастайды, деп хабарлайды 24.kz.
Ірі тарихи мұражайлар да ашылады. Тақауда халықаралық сарапшылар бұл елдегі эпидахуалды тұрақты және қауіпсіз деп таныды. Нәтижесінде шектеулер біршама жеңілдетілді. Ал бұл өз кезегінде елге келетін қонақтардың санын арттыратыны анық. Яғни туризм саласы қайта жанданады.
Египет – карантин кезінде сабырлық танытқан азғантай елдердің бірі. Былтырғы жылдың соңында жергілікті шипажайлар құрдымға кеткенімен, шектеулерге қарсы наразылық шаралар болған жоқ. Туризмге тәуелді бұл елде. жағдай расымен өте қиын болған. Мәселен, Хургадада турагенттіктердің үштен бірі мен қонақ үйлердің төрттен бірі жабылды. Мыңдаған адамға мамандығын ауыстыруға тура келді. Жұрт 16 айға созылған карантинді «тозақ» деп атаған. Енді бұдан аман қалған кәсіпкерлер жазғы маусымда қаржылық жағдайын тузеуге үміт артып отыр.
Карантин тағы үш айға жалғасса, Египеттегі туризм саласы толығымен құритын еді. Жазғы маусымды жіберіп алғанда шипажайларымызды қалпына келтіре алмайтын едік. Қазір тек орташа мейманханалар аман қалды. Ұсақтары індеттің бірінші толқыны кезінде, ал қымбат кешендердің көбісі көктемде қаусап қалды, – дейді мейманхана кешенінің иесі Гомаа Хасан.Жаңа ережелерге сәйкес, ойын-сауық мекемелері мен қонақ үйлер орындарының 70%-ын ғана толтыра алады. Дискотекалар мен түнгі клубтар сағат түнгі екіге дейін жұмыс істейді. Тағы да міндетті бір шарт – келушілері арақашықтық сақтап, маска тағуы тиіс. Әр мейманханада инфекционист-дәрігер болып, бөлмелерін үнемін дезинфекциялауы керек.
Коронавирусқа қатысты жағдай елде тұрақталды. Күн сайын 70-тей науқас анықталып жүр. Әрине, ахуалды қадағалап тұрамыз. Дәрігерлер мен полициядан құрылған топтар әуежайлар мен қалаларда кезекшілік етеді. Ауру жұқтыру санының азаюы толық жеңісті білдірмейді. Ал елге келетін туристер санының артуы әрине, жаңа қатер туғызады. Бұған дайын болуымыз керек, – дейді Хургада қаласы эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Рабиа Камуна.Егер індеттің жаңа толқыны болмаса, туризм саласы Жаңа жыл алдында пандемияға дейінгі қалпына келуі мүмкін. Сақтықта қорлық жоқ деп, билік ауруханаларға ковид емдейтін жеке бокстарды бөлуді бұйырды.