Егін жинауды аяқтау керек: Мамин әкімдіктер мен министрлікке нақты тапсырма берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин әкімдіктер мен министрлікке егін жинау науқанына қатысты тапсырма берді.

Әлемдегі бидай жинау бойынша жағдай күрделі болып отыр. Өздеріңізге мәлім, ауа райының қолайсыз болуы астық шығымының төмендеуіне ықпал етті. Қазақстанда дәнді дақылдар мен майлы дақылдарды жалпы жинауды 18 млн тоннаға, соның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды 16 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр, - деді Үкімет басшысы.

Бүгінгі күні егін жинау жұмыстары 95 пайызға жуық орындалды. 

Мамин атап өткендей, биылғы құрғақшылықтың салдарынан бидай көлемі азайса да, еліміздегі бидайға деген ішкі қажеттілік толық қамтамасыз етілді. 6-6,5 млн тоннаға жуық бидайды экспортқа шығаруға мүмкіндігіміз бар. Жаңа астықтың сапалық көрсеткіштері айтарлықтай жоғары.

Ол әлемдік нарықта осындай сапасы жоғары бидайға сұраныс жоғары екенін ескеру қажет екенін атап өтті.

Форвардтық сатып алу бағдарламасы аясында «Азық-түлік корпорациясына» бидай жеткізуді қамтамасыз ету қажет. Облыстардың әкімдіктері мен Ауыл шаруашылығы министрлігі егін жинауды аса қысқа мерзімде аяқтау керек. 2022 жылға қажет болатын тұқым қалдыруды да қамтамасыз етсін, - деп тапсырма берді Асқар Мамин.
Премьер-министр Индустрия министрлігіне «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірге астықты тұрақты тасымалдау үшін жылжымалы құраммен қамтамасыз ету шараларын қабылдауды тапсырды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы