Егін жинау жұмыстарын 15 қазаннан кешіктірмей толық аяқтау керек - Әбдіқалықова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова сала басшыларына егін жинау жұмыстарын 15 қазаннан кешіктірмей толық аяқтауды тапсырды.

Қызылорда облысының басты дақылы – ақ күріш екені белгілі. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, Сыр өңіріндегі алғашқы күріш егісі 1896 жылы пайда болған екен. Міне, содан бері күріш өнімін жинау жағынан еліміздегі негізгі аймаққа айналдық. Бүгінде Қызылорда облысы республиканың 90 пайызын күрішпен қамтамасыз етіп отыр десе болады.

«Сыр күріші – ел ырысы» деген сөз бекерге айтылмаса керек.

Күріштен тау тұрғызған дала еңбеккерлерінің есімдері елге танылды. Ақ күріштің атасы, «Дала академигі», әлемдік рекорд иесі Ыбырай Жақаев кеңестік кезеңде Сырдың ақ маржанын әлемге танытып, туған жер төсіне қайың кетпенімен ерлікке тән еңбек дастанын жазып қалдырды. Даңғайыр диқанның ізбасарлары, ерлермен иық тірестіріп қатар еңбек еткен Сәлима Жұмабекова, Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Жадыра Таспанбетовалар Сыр елінің мақтанышына айналды.

Бүгінгі күні де ақ күрішті аялап өсіріп, мол өнім жинап, ел берекесін тасытып жүрген диқандарымыз аз емес. Соңғы жылдары күріштен рекордтық өнім жиналып келген болса, онда диқан қауымының үлесі зор. Соның ішінде еңбек адамдарына тағайындалған 3 дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталған күрішші, механизаторлар Ерболат Қалмұратов, Ербол Ақбергенов, Жеңіс Қошқарбаев, Премраз Бекмахановтарды есімдерін атап өтсем деймін. Биыл статистикалық мәліметке сәйкес облыста 184,2 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде, негізгі дақыл - күрiштің көлемі 89,5 мың гектар. Егісті әртараптандыру бағытында алғаш рет перспективалы дақылдар - қант құмайы 70 гектарға, соя 240 гектарға, жүгері 1 667 гектарға жеткізіліп, ылғал сақтағыш аквагельдерді пайдалану арқылы 80 гектар богарлы жерлерге күздік бидай егілді, - деп жазды Әбдіқалықова.

Облыста күрішке орақ салу жұмыстары 22 тамыздан басталды. 

Қазіргі таңда 37 726 гектар күрішке орақ салынып, оның 28 208 гектары бастырылды. Әр гектарынан орташа 49,5 центнерден өнім алынуда. Мамандардың болжауынша, биыл да өткен жылғы көлемнен кем болмайды деп отырмыз. Сала басшыларына егін жинау жұмыстарын 15 қазаннан кешіктірмей толық аяқтауды тапсырдым.
Осы күндері Нұр-Сұлтан қаласында облыс жәрмеңкесі өтуде. Елордалықтарға жалпы салмағы 440 тоннадан астам 21 түрлі ауылшаруашылығы өнімдері ұсынылды. Ел несібесін төкпей-шашпай жинап, қамбамыз толсын, берекеміз арта берсін деп тілеймін, - деді облыс әкімі. 





Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы