Егін жинау: Қазақстанда 19,9 млн тонна астық бастырылды
Биыл егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде майлы дақылдар мен жүгері егісі ұлғайды.
Қазақстанда егін жинау науқаны жалғасып жатыр. Бүгінде 13,5 млн гектар дәнді дақыл алқабы жиналып, 19,9 млн тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 14,7 центнерді құрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл ауа райының әркелкі болуына қарамастан, егін жинау жұмыстары өткен жылмен салыстырғанда жоғары қарқынмен жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, биылғы вегетациялық кезең бірқатар астық егетін өңір үшін күрделі болды. Әсіресе солтүстік және орталық облыстардың кейбірінде жауын-шашын жеткіліксіз түсіп, дәнді дақылдардың өнімділігіне қосымша тәуекелдер туындаған.
Бұрын осындай ауа райы жағдайында өнімділік гектарына 8–9 центнерден аспайтын. Дегенмен Үкімет тарапынан қабылданған шаралардың, соның ішінде жеңілдетілген қаржыландырудың арқасында шаруалар қажетті агротехникалық жұмыстарды уақытылы әрі сапалы жүргізе алды, – деді Азат Сұлтанов.
Оның сөзінше, салада егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары да жалғасып жатыр. Бидай алқаптарын қысқартумен қатар, майлы және басқа да жоғары рентабельді дақылдардың егіс көлемі ұлғайтылуда.
Мәселен, 2024 жылдан бері майлы дақылдардың егіс алқабы 2,2 млн гектарға ұлғайып, 5,2 млн гектарға жетті. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 2,9 млн гектар болған. Сонымен қатар қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету үшін соңғы екі жылда жүгері алқабы 120 мың гектарға артты.
Әртараптандыру нәтижесінде егіс алқаптарының құрылымы да өзгерді. Дәнді дақылдардың жалпы егіс көлеміндегі үлесі 72%-дан 66%-ға дейін төмендесе, майлы дақылдардың үлесі 13%-дан 18%-ға дейін өсті.
Биыл егін жинау алаңы 24,2 млн гектарды құрайды. Оның 15,6 млн гектардан астамына дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егілген. Қазіргі уақытта дәнді дақылдардың 13,5 млн гектары немесе 83%-ы жиналды.
Жалпы, биыл дәнді дақылдардың түсімі көпжылдық орташа көрсеткіштерден жоғары болады деп болжанып отыр. Күтілетін астық көлемі елдің азық-түлікке, мал азығына және тұқымға деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорт әлеуетін сақтауға мүмкіндік береді, – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.