Ауа райына байланысты егін жинау науқаны өте қиын жағдайда өтіп жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында елімізде егін жинау науқаны қалай өтіп жатқаны туралы мәлімдеді.
«Тамыз айының 20-сында егін жинау науқанына кірістік. Жалпы 25 тамыздан бастап бүкіл өңірлер кірісті. Енді айтар болсақ, егін жинау науқаны өте қиын жағдайда өтіп жатыр, шындығын айту керек. Жалпы барлығы ауа райына байланысты болып тұр. СҚО, Ақмола және Қостанай облыстарын алар болсақ, 12 күннен 15 күнге дейін жауын жауды. Жауын жауғаннан кейін 2-3 күннен кейін күнара жауын жауа бастады. Қиын өтіп жатыр», - деді бірінші вице-министр.
Сапаров мемлекет тарапынан егін жинау процесіне барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
«Бірінші жанар-жағармай 100% берілді. Кесте бойынша ай сайын беріліп жатыр. Техника дайын. Элеваторлар дайын, барлығы жөндеуден өткен. Шаруашылықтың бастықтары да жұмысты жоғары деңгейде өткізіп жатыр. Соның арқасында бүгін егін жинау жүріп жатыр. Жалпы жоғары деңгейде басталады деп ойлаймыз. Ауа райы жылыса 10-12 күн ішінде егін жинау науқаны аяқталуға тиіс», - деді ол.
Баспасөз мәслихаты барысында Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Түркістан Облысы мен БҚО-да егін жинау науқаны аяқталғанын, ал Жамбыл, ШҚО, Павлодар облыстарында жоғары процентті көрсетіп отырғанын атап өтті.