Макулатура мен жұмыртқа бағасы: байланыс қандай?
Photo: © suez.com.au
Осыдан екі жыл бұрын қайта өңделетін қағаз, картон өнімдерін елден сыртқа шығаруға ресми тыйым салынған еді. Қайта өңделген қағаз шығынды қалай үнемдейді, тауарды қаптау үшін қанша ақша қажет және тыйымнан кім ұтады? Осы және басқа да сауалдарға - Қазақстан жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының президенті Максим Божко жауап берді.
Мәселе неде?
Қазақстанда жасанды талшық-қағаз өнеркәсібі баяу дамып жатыр. Орман ағаштарының аздығы қайта өңделген шикізатқа сұранысты арттырып отыр. Макулатураны сыртқа шығаруға тыйым салынбас бұрын қазақстандық өнімдер Ресей мен Қырғызстанға жөнелтілетін. Бұл елдерде қағаз шығаратын және оны қайта өңдейтін ірі зауыттар бар.
Шикізатты басқа мемлекетке тасымалдап, дайын елге өнімді қайта кіргізу барлық салада қалыптасып қалған. Қағаз өнімдерімен де дәл сондай жағдай. Сондықтан үкіметтің бұл мәселені қаперіне алуы, бізді қатты қуантты. Екі жылға тыйым салуды Қазақстан қаптаушылары қауымдастығы ұсынып, жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы бұл идеяны бірден қолдады. Енді, міне, «Атамекен» ұлттық палатасының қолғабыс етуінің арқасында шешім қабылданды.
Қаптаманың құны қандай?
Әрине, мұндай тыйым біз үшін өте тиімді. Өйткені қораптар мен қаптамалар қайта өңделетін қағаз өнімдерінен жасалады. Тұтынушылар үшін баға қолжетімді болу үшін шығынды үнемі азайтып, тауардың өзіндік құнын төмендетуге тырысып келеміз. Жұмыртқа бағасының 10%-ы қаптамасына тиесілі. Қазақстанда жылына шамамен 5 млрд жұмыртқа шығарылса, оларды қаптауға 180 млн қорап қажет. Оларды қалған-құтқан қағаздан жасайды.
Нақты мысалмен түсіндіріп көрелік. Стандартқа сәйкес, қораптарды 360 жұмыртқаға бөлейік. Сонда 14 млн шығады, шамамен әр данасына – 220 теңге. Ендеше, қораптарға жылына 3 млрд теңгедей қаржы жұмсалады. Ал әр қаптамаға шамамен 12 теңге кетсе, жылына 180 млн дана үшін 2 млрд теңге қажет. Қорытындыласақ, еліміздің жұмыртқа өндірушілері тек қаптама үшін ғана жыл сайын 5 млрд теңге жұмсайды екен. Осындай қаптамаларды шығаратын жергілікті зауыттардың құс фабрикаларының сұранысын қанағаттандыруға қауқарсыз. Өйткені арзан шикізаттың басым бөлігі Ресей мен Қырғызстанға жөнелтілетін.
Қайта өңделетін қағаздарды сыртқа шығаруға тыйым салынуынан кімдер ұтады?
Елімізде қорап пен қаптама өндіретін зауыттар, кәсіпорындар жеткілікті. Олардың өндірістік қуаты да жоғары. Алайда, шикізат тапшы. Бұған қоса, Ресей мен Қырғызстан кәсіпкерлері қаптамаларды елімізге кеденнен заңсыз өтіп, қосымша құн салығын төлемей кіргізеді. Яғни, мемлекет те бұдан зардап шегіп отыр. Сондықтан макулатураны сыртқа шығаруға тыйым салудан ұтатындар көп. Жергілікті қағаз, қорап, қаптама өндірушілер, тұтынушылар, құс фабрикалары, басқа да азық-түлік өнеркәсіп иелері және, әрине, ел бюджеті үшін бұл шешім тиімді. Оң әсерін жақын арада көреміз, - деп ойлаймын. Мәселен, біздің қауымдастық жанынан екі жыл бұрын қайта өңделген қағаздан қаптамалар шығаратын өнеркәсіп ашылды. Кәсіпорын иесі бұл жаңалықты естіген соң, зауыт қуатын екі есеге арттыру туралы шешім қабылдады.
Қаптама құны қаншалықты арзандайды және тұтынушы ақшасын қандай сомаға үнемдейді?
Өкінішке қарай, бүгіндері біздің елде шикізатты жинау жүйесі қалыптаспаған. Қағаз өнімдерін қабылдайтын арнайы орындар аз. Қағаз өңдейтін зауыттар шикізатты көбіне-көп шағын бизнестен, яғни, жеке кәсіпкерлерден алады. Астанада қағаз өнімдерін жинақтайтын арнайы компаниялар бар, олар дүкендерге, не басқа нысандарға барып, қағаздарды сатып алады. Егер жұмыртқа құнының 10%-ы қаптамаларға тиесілі екенін ескерсек, қағаз бағасы 10–20%-ға төмендеген күні тауар шамамен 1-2%-ға арзандайды. Бір қарағанда, үлкен сома емес сияқты. Бірақ жылдық шығынға шаққанда, жалпы ауқымын алғанда, қыруар қаржы үнемделеді. Ал ең бастысы, қазақстандық қайта өңдейтін кәсіпорындар дами түсіп, қосымша жұмыс орындарын аша алады, бұл салаға инвесторлардың қызығушылығы артады.
Жалпы, қайта өңдеу саласы кенде қалып отыр. Бұл нарықтың ауқымы кең, бәсекелестері аз. Қағаздан бөлек, пластик, шыны, органикалық заттарды өңдеуге болады. Шикізатты қайта өңдеу арқылы экология мәселесін де шеше аламыз. Сондықтан бұл бағыттан таймай, белсенді жұмыс істеу керек.