Егер салымшы депозитті 12 ай ішінде толықтырған болса, өтемақы қалай есептеледі?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Егер салымшы депозитті толықтырған болса және ақшаны шешіп алмаған болса, онда сыйақы 2022 жылғы 23 ақпанның соңындағы қалдық сомаға есептеледі.
20 млн теңгеден асатын ірі көлемдегі салымдар бойынша 10% сыйақы тек 20 млн теңгеге ғана есептеледі.
Егер депозитті толықтыру және ішінара мерзімінен бұрын шешіп алу жүргізілген болса, өтемақы мөлшері қалай есептеледі?
Егер салымшы ақшаны депозиттен ішінара шешіп алған болса, онда төленетін өтемақы барлық алынғанды және толықтыруларды ескере отырып, 2022 жылғы 23 ақпаннан бастап 2023 жылғы 23 ақпанның соңына дейінгі кезең үшін депозиттегі ақша қалдығының ең төменгі сомасының 10%-ын құрайды. Тағы естеріңізге саламыз, депозиттің 20 млн теңге көлеміндегі максималды сомасы ғана ескеріледі.
Егер депозит 2022 жылғы 23 ақпаннан 2023 жылғы 24 ақпанға дейінгі аралықта жабылған болса, өтемақы төлене ме?
Егер салымшы 12 ай өткенге дейін депозитті толық шешіп алса, өтемақы төленбейді. Мерзімін созу объективті түрде мүмкін емес депозиттер бойынша сыйақыларды есептеу шарттары әлі нақтыланып жатыр.
Егер депозит мерзімі 2022 жылдың 23 ақпаны мен 2023 жылдың 23 ақпанын қоса алғандағы кезеңде аяқталса, салымшы өтемақыға үміттене ала ма?
Егер депозиттің аяқталу күні 2022 жылғы 23 ақпаннан бастап 2023 жылғы 23 ақпанды қоса алғандағы кезеңге сәйкес келетін болса, онда бағдарламаның талаптарына сәйкес болу үшін салым ұзартылуға тиіс. Әдетте, банктер автоматты түрде өз клиенттерінің салымдарын ұзартады. Қысқа мерзімді (мысалы, 3-6 ай) салымдар үшін мұндай автоматты ұзартулар бірнеше рет жүргізілуі мүмкін. Демек, салым шартының жаңа аяқталу күні 2023 жылғы 23 ақпаннан кейінгі кез келген күнге түсуге тиіс.
Депозитті қандай мөлшерлемемен ұзартқан дұрыс?
Іс жүзінде салымдардың мерзімін ұзарту банкте сол депозит өнімі бойынша дәл сол уақытта қолданыста болатын мөлшерлеме бойынша жүргізіледі. Банктер салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемесін, әдетте, ҚДКБҚ депозиттер бойынша ұсынатын сыйақы мөлшерлемелеріне бағдарлап (көтермей), ішкі депозиттік саясатқа сүйеніп, өз бетінше белгілейді.
Банктік салым шарты талаптарының сақталуына қатысты банкке кінәрат-талап болса, қайда жүгінуге болады?
Егер банкпен арада келіспеушіліктер туындаса, салымшылар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қаржы қызметін пайдаланушылар құқығын қорғау департаментіне жүгіне алады.