Егер атыңызға несие рәсімделгенін білсеңіз...
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қаржы нарығыны реттеу және дамыту агенттігі атыңызда өзіңіз рәсімдемеген несиенің бар екенін анықтаған жағдайда қалай әрекет ету жөнінде кеңес берді.
Агенттік алаяқтар азаматтардың дербес деректерін ұрлап алуға мүмкіндік беретін түрлі схемаларды ойлап табады және оларды өздерінің пайдакүнемдік мақсаттарына пайдаланатынын ескертті, fingramota.kz.
Өзіңіз алмаған кредитті анықтаған кезде не істеу керек?
1. Егер сіз берешектің болуы туралы коллектордан білсеңіз, онда ең алдымен сіздің атыңызға кредит ресімделген кредиттік ұйымның атауын білу қажет.
2. Мемлекеттік кредиттік бюроға және/немесе Бірінші кредиттік бюроға дербес кредиттік есеп алу үшін жүгініңіз, сондай-ақ оны ЭЦҚ қолданумен электрондық үкіметтің порталында алуға болады.
3. Осы кредиттік ұйымға өтініш жазыңыз, өтініште сіз олармен келісімшарт жасамағаныңызды және ақша алмағаныңызды көрсетіңіз. Сондай-ақ, осы ұйымнан кредит берілген құжаттардың көшірмелерін талап етіңіз: шарт, оған қосымшалар және растайтын құжаттардың көшірмелері, ақша аударылған шоттың деректемелері және шартты ресімдеген қызметкердің деректері.
Өтініште кредитордан ішкі қызметтік тергеу жүргізуді және борышты талап етуді тоқтатуды талап етіңіз. Өзіңіз үшін тіркеу нөмірі және өтінішті қабылдаған күні бар өтініштің көшірмесін жасаңыз.
4. Кредитор ұйым құжаттарды ұсынудан бас тартқан жағдайда, Сіз ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағымдана аласыз.
5. Өзіңізде бар барлық мәліметтерді көрсете отырып және құжаттарды қоса тіркеу арқылы ресми өтінішпен құқық қорғау органдарына жүгіну ұсынылады.
Егер кредит ұйымы алаяқтардың сіздің куәлігіңіз бойынша ақша алғандығы туралы дәлел таппаса, мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап арызбен тұрғылықты жеріңіздегі сотқа жүгіну қажет.
Сот сіздің пайдаңызға шешім шығарған жағдайда, кредиттік ұйым:
- сізден қарызды төлеуді талап етуді тоқтатуы;
- берешекті есептен шығаруы;
- кредиттік бюроға сіздің кредиттік тарихыңыздан бөтен қарыз жөніндегі ақпаратты алып тастау туралы хат жолдауы тиіс.