Егемен елмен бірге есейген қызылордалық азамат
Тәуелсіздіктің төл құрдасы қайырымдылық жасауды адами парызым деп біледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл ел Тәуелсіздігіне – 31 жыл. Тура сол уақытта дүниеге шыр етіп келген бүлдіршін, бүгінде ел үшін еңбек етіп жүрген өрімдей жас. Олардың бірі – мемлекеттік қызметте, енді бірі – еліміздің дамуында қызмет етіп жүрген жеке кәсіпкер. Бүгін біз Тәуелсіздіктің құрдасы, қайырымдылық іс-шаралардың бел ортасынан табылатын Қызылордалық азамат Сағатбек Сиюовпен әңгімелестік.
«Ата-бабамыз болашақ ұрпағым үшін деп жерімізді сақтаса, Желтоқсан құрбандары ел ертеңі үшін алаңға шықты. Тәуелсіздік бізге тәңірдің берген тәтті сыйы. Сондықтан әрбір жас оның қадірін білу керек деп ойлаймын. Өзім тәуелсіздіктің құрдасы екенімді мақтан тұтамын және ол маған үлкен жауапкершілік жүктейді»,-дейді ол.
Елімізде тағдырдың тәлкегіне түсіп, өмір сынағына ұшыраған мүмкіндігі шектеулі жандар көп. Бүгінде ол сол жандарды қоғаммен байланыстыруда, өз өнерлерін паш етіп, білімнің, қоғамның биігінде жүруіне ат салысып жүрген азамат.
Менің өмірлік ұстанымым-ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Мәңгі сені жазбаған сүрінуге, қайта тұрып, қақың бар жүгіруге» деген өлең жолдары.Сондықтан мен Қызылорда қаласын кедергісіз аймаққа айналдыруды мақсат етемін. Бүгінде Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамының төрағасымын. Онда мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жасап, оларды қоғаммен араластыруда белсенді қызмет жасап жүрмін. Бүгінде арбаға танылған азаматтар арасында биден жарыстар, арнайы мүгедек балаларға арналған семинар,тренингтер, мүмкіндігі шектеулі өнерлі жандарға арналған сайыстар, байқаулар өткізілді. Осындай шараларды ұйымдастыру – жұмыс емес, адами парызым деп білемін.Болашақта еліміздің дамуына өзіндік үлесімді қосып, келешек ұрпақ үшін еңбек еткім келеді,-дейді Сағатбек Қуанышбайұлы.