Эфиопиядағы халықаралық форумда Қазақстанның мәдени мұрасы талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Елшілігі ЮНЕСКО өкілдігімен және Эфиопияның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясымен бірлесіп, «Тұрақты даму үшін мәдени мұра» тақырыбында форум ұйымдастырды. 

Іс-шара Аддис-Абеба университетінің этнографиялық мұражайында өтіп, Қазақстанның ЮНЕСКО-ға мүшелігінің 30 жылдығын мерекелеуге, Қазақстанның белгілі мәдениет қайраткерлері Ахмет Байтұрсыновтың, Роза Бағланова мен Мұхтар Әуезовтің мерейтойларына орайластырылды.

Форумға Эфиопияның Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Селеши Гирма, ЮНЕСКО жанындағы Эфиопия Ұлттық комиссиясының бас хатшысы Безавит Гирма, Эфиопиядағы ЮНЕСКО кеңсесінің директоры Юмико Йокозеки, шет мемлекеттердің елшілері, Эфиопияның талдау және білім беру мекемелерінің өкілдері, Аддис-Абеба университетінің студенттері қатысты.

Қазақстан елшісі Барлыбай Садықов өз сөзінде форумға қатысушыларды Қазақстанның мәдени мұрасымен, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың негізгі нәтижелерімен, еліміздің материалдық және материалдық емес мәдени мұрасын сақтау және тіркеу жөніндегі ЮНЕСКО-мен әріптестік бағдарламаларымен таныстырды.

Форум аясында қазақтың көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлері А. Байтұрсыновтың, Р. Бағланованың, М. Әуезовтің өмірі мен шығармашылық мұрасы туралы фотокөрме ұйымдастырылды, олардың Қазақстан мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан үлесі туралы айтылды. Форумға қатысушылар елшілік қызметкерлерінің ұлттық домбыра аспабында орындаған мәдени нөмірлері мен қазақ халық билері туралы жылы лебіздерін білдірді.

Форум барысында қатысушылар Қазақстан мен Эфиопияның, БҰҰ мен ЮНЕСКО қорлары мен бағдарламалардың, сондай-ақ өңірлік ұйымдардың мәдени мұраны сақтауға және дамытуға, мәдени әртүрлілікті құрметтеуге, ұлттық, өңірлік және жаһандық деңгейлерде өзара түсіністікке ықпал ететін мәдениетаралық және дінаралық диалогты нығайтуға қосқан үлесін талқылады.

Министрдің орынбасары С. Гирма Қазақстанның БҰҰ аясында үлкен үлес қосып отырғанын атап өтті. Оның пікірінше 

Бүгінде Қазақстан түрлі жаһандық платформаларды ілгерілете отырып, ЮНЕСКО-ға мүшелігінің 30 жылдығын атап өтуде. Бұл Қазақстанның өзінің мәдени мұрасын сақтау мәселелеріне қалай көңіл бөлетінін тағы да көрсетеді. Біз Қазақстанның мәдени мұраны сақтау жөніндегі өз міндеттемелерін қалай орындайтынын бағалаймыз және біздің Қазақстаннан үйренетін нәрселеріміз көп, – деді Эфиопияның Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Селеши Гирма.

Қалалық және сәулет мұрасын сақтау саласындағы сарапшы, профессор Фазиль Георгис Қазақстан мәдениеттерді жақындастыру, мәдениетаралық және дінаралық диалог үшін қаншалықты көп жұмыс жасағанын атап өтті. 

Мен үшін әлемдік және дәстүрлі діндер лиделерінің съезі өтіп жатқанын және биыл Қазақстанда үлкен іс-шара өтетіні үлкен тосын сый болды. Мен өте қуаныштымын, өйткені қазіргі уақытта әлем мәдениеттер мен діндер арасындағы диалогты аса қажет етеді. Сондай-ақ, Қазақстанның өзінің материалдық емес мұрасын қалай ілгерілететіні маған қатты әсер етті. Мен болашақта керемет каньондар мен көлдермен әдемі еліңізге баруды армандаймын. Қазақстан – ұлы жазушылар, музыканттар мен саясаткерлер елі. Эфиопиялықтар Қазақстан туралы көбірек білуі тиіс, - деді профессор Георгис.

Семинар соңында қатысушылар елдер мен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы, Орнықты Даму Мақсаттарға қол жеткізу және неғұрлым тұрақты әрі қауіпсіз әлемді қамтамасыз ету үшін мәдени мұраны сақтау мен дамытудың ерекше маңызды рөлін растады. Форум БҰҰ-ның мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығының соңғы жылында өтті, оның авторы 2012 жылы Қазақстан болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы