ЕЭК Кеңесі шешімі: Қазақстанға жүк ұшақтарын 12 жыл бажсыз әкелуге рұқсат берілді
Сарапшылардың болжамынша, елдегі жүк әуе паркінің сұранысы шамамен 130 әуе кемесін құрайды.
Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесінің отырысында Қазақстан үшін маңызды бірнеше экономикалық шешім қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Қазақстан делегациясын Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастап барды.
Отырыста Қазақстан бастамасымен транзиттік мультимодальды хабты дамыту аясында жүк әуе кемелерін кедендік баж бен салықтан босату мәселесі қолдау тапты. Енді жүк ұшақтарын бажсыз әкелу режимі 12 жыл бойы қолданылады.
Бұл шешім қазақстандық әуе тасымалдаушыларға жүк флотын жаңартуға, жаңа техника сатып алудағы шығынды азайтуға және тиімді келісімшарттар жасауға мүмкіндік береді. Сарапшылардың болжамынша, елдегі жүк әуе паркінің сұранысы шамамен 130 әуе кемесін құрайды.
Сонымен қатар ЕЭК Кеңесі Қазақстанды қоса алғанда бірқатар елдер үшін жарықдиодты модульдерді импорттық баждан босатуды мақұлдады. Бұл шара Одақ ішіндегі өнеркәсіптік кооперацияны күшейтуге бағытталған.
Жиында құрылыс материалдарын, бояу өнімдерін, балаларға арналған кейбір ойыншықтарды, сондай-ақ шай, кофе, какао секілді еритін және қайнатылатын сусындарды міндетті таңбалау туралы шешім қабылданды.
Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алу мақсатында тауардың шыққан елін айқындау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Бұл ЕАЭО елдері өндірушілерінің Одақ аясындағы мемлекеттік сатып алу нарығына кедергісіз қатысуына жол ашады.
Қабылданған шешімдер Қазақстан кәсіпкерлеріне өнімдерін Еуразиялық өнеркәсіптік тізілімге енгізіп, Одақ елдерінің нарығына шығу мүмкіндігін кеңейтеді.