Еділ Жаңбыршин: Отбасыда баланың жынысын дұрыс түсіндіру маңызды
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ЛГБТ насихатына қатысты тыйым салу мәселесінде балалар мен жасөспірімдерді қорғаудың маңызды екенін атап, үйдегі тәрбиенің рөліне тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың сөзінше, Америка мен Канададағы зерттеулер көрсеткендей, 13-тен 24 жасқа дейінгі ЛГБТ өкілдерінің арасында суицидке бейімділік гетеросексуалдарға қарағанда 3-4 есе жоғары. Бұл балалар мен жастардың психологиялық қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
Біз тәрбие мәселесін тек білім ордаларына, мұғалімдерге ғана артып қоймауымыз керек. Ол отбасынан басталады. Баланың кім екенін, қыз ба, ұл ма екенін бала кезінен біліп өсуі өте маңызды. Кейбір отбасылар қызға ер баланың киімін кигізіп, немесе керісінше ер балаға қыз киімін кигізеді. Бұл дұрыс емес, – деді депутат.
Еділ Жаңбыршиннің пікірінше, ұлттық салт-дәстүрге сүйене отырып, ата-ана баласын дұрыс бағытта тәрбиелеп, балаға өзінің жынысы мен рөлін түсіндірсе, қоғамдағы моральдық және психологиялық мәселелерді алдын алуға болады.
Депутат сонымен қатар ЛГБТ-ға қатысты заң жобасында насихатқа тыйым салу мәселесі көтеріліп отырғанын, бірақ жеке тұлғалардың құқығы шектелмейтінін атап өтті.
Бізде ЛГБТ-ға тыйым жоқ, тек насихатқа шектеу қойылып отыр. Бұл екі бөлек мәселе, – деді ол.