EcoStudentKZ экоакциясы Семейде өз мәресіне жетті

Екінші қазан күні бастау алған еліміздің оқу орындары арасындағы EcoStudentKZ экологиялық акциясы бүгін Семей қаласында аяқталды деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі. 

Қаладағы Әлихан Бөкейхан университетінің студенттері мұрындық болып, өзге оқу орындарындағы құрдастарымен бірлесе акция аясында Семейдегі ең көрікті орындардың бірі – Түйемойнақ аралын қоқыстардан тазалалап шықты. 

Атап өтерлігі, Семей полигонындағы ядролық сынақтардың құрбандарына арналған әйгілі «Өлімнен де күшті» монументі дәл осы аралда орналасқан. Сол себепті осы бір көрнекті жерге қала тұрғындары мен қонақтары жиі келеді.

Акцияға Бөкейхан университетінен 76 студент, Семей медецина университетінен 20 студент, сондай-ақ Р. Байсейітов атындағы Семей қаржы экономикалық колледжінің, Innovative college білім беру мекемесінің және М. Төлебаев атындағы музкалық училищенің әрқайсысынан 15 студенттен қатысты. 

Алдағы уақытта осындай экологиялық акцияларды жиі өткізуді ұсынып отырмыз. Осы бағыттағы іс-шараларды облыстық және қалалық деңгейлерде ұйымдастыруды жоспарлап та қойдық. Бүгінгі тазалау жұмыстарына студенттермен қатар мектеп оқушылары да, қала тұрғындары да кеп атсалысты. Барлығы 75 қап қоқыс шығарылды. Жалпы жиыны 150-ге жуық студент біраз шаруаны атқарып, қала тұрғындары тарапынан алғыс сөздер естіп, бір марқайып қалдық, – дейді осы шараның басы-қасында жүрген Әлихан Бөкейхан университеті жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Ерсін Мұратхан.

Жұмысты аяқтаған соң жастар гитарамен ән айтып, көңіл көтерді.

Естеріңізге салар болсақ, аталған челлендж Шымкентте басталып, одан әрі Екібастұз, Түркістан, Тараз, Петропавл, Алматы қалаларында сәтті жалғасқан болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы