EcoStudent KZ. Түркістанда эко-челлендж өтті
Бүгін Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ботаникалық бағында «EcoStudentKZ» челленджі өткізілді, деп хабарлайды Түркістан облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Айта кетейік, еліміздің студент жастары қоршаған ортаны аялау мақсатында республика көлемінде қоқыстарды тазалауға шақыратын «EcoStudentKZ» челленджін өткізіп жатыр.
Студенттердің экологияны таза ұстауға шақыратын игі бастамасы ең алдымен Шымкент қаласынан бастау алған болатын. Бүгін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жүзге жуық студенті ботаникалық бақты қоқыстардан тазартып шықты.
Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығының баспасөз хатшысы Таңшолпан Біләлдің айтуынша, студенттер өткізген «Эко-плогинг» іс-шарасы өте құптарлық жоба.
Бүгінгі қоршаған ортаны таза ұстауға үнделген челленджді Павлодар қаласынан қабылдап алып, келесі кезекті Тараз қаласына жолдадық. Бұл акция негізінен Шымкент қаласынан бастау алған болатын. Жалпы, баршамыз өзіміз тұратын қаланы ұқыпты ұстап әрі таза ауа жұту үшін айналамызға қоқыс тастамай жүруіміз керек. Біз қоршаған ортаға деген көзқарасымызды өзгертсек қана табиғат ана да бізге алғысын білдіреді деген ойдамын, - деді Таңшолпан Аманқызы.
Отанға деген сүйіспеншілікті жай сөзбен емес, айналаны қоқыс пен қалдықтарды тазалау арқылы көрсетіп, өзге де жоғары оқу орындарының студенттерін табиғатты сүюге шақыратын «Эко-плогингке» Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 1 курс студенті Мадина Өндірбай қатысуға тілек білдіріп, қуана қолдағандардың бірі.
Осы EcoStudentKZ челленджіне қатысқаныма қуаныштымын. Себебі соңғы жылдары әлемде экологиялық мәселелер көбейіп кетті, жаһандық жылулық пен пластикалық заттарды адамдар көптеп қолдана бастады. Біз зиянды заттарды азырақ пайдаланып, қоршаған ортаны таза ұстауға ұмтылуымыз керек. Университетіміздің мақтанышына айналған Ботаникалық бақ тек оқу орнының ғана емес, Түркістан қаласының да жасыл өкпесі дей аламыз. Студенттермен жабылып жүріп қаншама қоқыстарды жинадық, енді арнайы хэштегпен инстаграмға жүктеймін деп отырмын, - деді студент Мадина Жақыпжанқызы.