ECO-challenge Qostanai: 200 тоннадан артық қоқыс жиналды

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. «ECO-challenge Qostanai» акциясы кезінде Тобыл өзенінің бойынан 200 тоннадан артық қоқыс жиналды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қостанай облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Марат Жұрқабаев айтты. 

«ECO-challenge Qostanai» акциясы облыстағы алты аудан мен екі қаладан бастау алып, Қазақстан-Ресей жастарының форумы аясында жалғасын тапқан болатын. Оған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев та атсалысқан.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте басқарма басшысы Марат Жұрқабаев басқа өңірлерде де осындай іс-шаралар бастау алғанын мәлімдеп, Қазақстан-Ресей жастары форумының қорытындыларын баяндады. 


«Екі елдің еріктілерінен құралған ұйымдар үш түрлі меморандумға қол қойды. Іс-шараға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, келер жыл еріктілерді қолдауға арналатынын айтты. Сонымен бірге, мемлекет басшысы стартап жобалар көрмесін тамашалады. Онда 150-ден артық өнертапқыш өздерінің түрлі бастамаларын ұсынды. Қуантатыны – кейбір жобаларға қазірдің өзінде қызығушылық танытып жатқандар бар. Мәселен, рудныйлық студенттер дайындаған смарт аяқ киімге қолдау білдіруге ниеттілер хабарласып жатыр», - дейді Марат Жұрқабаев. 

Сондай-ақ, ол форум барысында Жастарға қызмет көрсету орталығы ашылып, президентке таныстырылғанын айтып өтті. Орталық бес бағыт бойынша жұмыс істейді: құқықтық сектор, бизнес-идеяларды, әртүрлі бастамаларды қолдау, мемлекеттік бағдарламаларға қатысты кеңес беру, психологиялық көмек секторлары бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы