Эболаға қарсы алғашқы вакцина партиясы Конго Демократиялық Республикасына жеткізілді
Эбола індеті КДР мен Угандада 15 мамырда басталған. Қазір вирус Конгоның алты провинциясында тіркелген, ал індеттің ошағы Итури провинциясында орналасқан.
Конго Демократиялық Республикасына (КДР) Эболаға қарсы Ervebo вакцинасының алғашқы 16,2 мың дозасы жеткізілді. Бұл туралы елдің Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Вакцина партиясы КДР астанасы Киншасадағы халықаралық әуежайға жеткізілген.
Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) елге Ervebo вакцинасының 70 мың дозасын жіберетінін мәлімдеген. Вакцина Эбола вирусының Заир түріне қарсы тиімділігі дәлелденген. Алайда қазіргі өршуге себеп болған Бундибуджио вирусына қатысты оның тиімділігі әзірге нақты анықталмаған.
Ervebo (rVSV-ZEBOV) вакцинасы КДР-да Заир түріндегі Эбола вирусына қарсы 2018 жылдан бері қолданылып келеді. Оны канадалық ғалымдар әзірлеген, ал өндірісімен Merck компаниясы айналысады.
Алдағы апталарда вакцинаның 20 мың дозасы клиникалық сынақтарға, ал қалған 50 мың дозасы Эбола тараған аймақтағы осал топтарды вакцинациялауға бағытталмақ.
КДР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазіргі өршу кезінде 5375 адам Эбола вирусын жұқтырған, 2557 адам қайтыс болған. Өлім-жітім көрсеткіші 47,6 пайызға жетіп отыр. Қазір ауруханалар мен медициналық оқшаулау орындарында 737 науқас ем қабылдап жатыр.
Эбола індеті КДР мен Угандада 15 мамырда басталған. Қазір вирус Конгоның алты провинциясында тіркелген, ал індеттің ошағы Итури провинциясында орналасқан.
Уганда билігі 28 шілдеде елдегі Эбола індетінің аяқталғанын жариялаған. Ал ДДҰ КДР-дағы жағдайды халықаралық маңызы бар қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай деп бағалады.
Бұған дейін Конгода індет геометриялық прогрессиямен таралып жатқанын жазғанбыз.