Бүгiн 2026, 15:51 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Эбола өршіген Африкада қанша қазақстандық жүр? – СІМ жауап берді

Сыртқы саяси ведомство азаматтарды шетелге шығу кезінде қауіпсіздік пен денсаулық мәселесіне мұқият қарауға шақырды.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Конго аумағында жүрген қазақстандықтар туралы нақты ақпарат жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі уақытта Конго аумағында жүрген Қазақстан азаматтары жайлы бізде нақты ақпарат жоқ. Сондай-ақ Қазақстан азаматтарынан шетелдегі жағдайға байланысты ресми өтініштер де түскен жоқ, – деді СІМ ресми өкілі Ерлан Жетібаев ведомствода өткен баспасөз брифингінде.

Брифинг барысында журналистер әуежайларда шетелден келетін жолаушыларға қатысты қандай бақылау шаралары енгізілгенін сұрады. Алайда ведомство бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретіне жататынын атап өтті.

Бұл сұрақты Денсаулық сақтау министрлігіне жолдаған дұрыс болар еді. Олар тиісті ақпаратты жариялап жатыр, – деді ресми өкіл.

Сонымен қатар Сыртқы істер министрлігі азаматтарды шетелге сапарлау кезінде жеке қауіпсіздік пен денсаулық мәселесіне мұқият қарауға шақырды.

СІМ өкілінің сөзінше, бұған дейінгі брифингтерде де азаматтарға Африка елдеріне сапар жоспарлау кезінде барлық тәуекелді жан-жақты саралап, мүмкіндігінше сақ болуға кеңес берілген.

Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қандай да бір ресми шектеу енгізілген жоқ. Тек азаматтарды сапар ұйымдастыру кезінде сақтық танытуға шақырған ескерту сипатындағы хабарламалар жарияланды, – деді Ерлан Жетібаев.

Еске салайық, ДДСҰ Африкадағы Эбола штаммының өршуіне байланысты төтенше жағдай жариялады.