ЕАЭО шартына Қырғызстанның қосылуы туралы келісімге өзгеріс енгізіледі

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенат комитеті "ЕАЭО шартына Қырғыз Республикасының қосылуы туралы" шартқа өзгерістер енгізу мəселесін талқылады.

Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы 2014 жылғы 23 желтоқсанда қол қойылған шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. 

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дəленовтың мəліметінше, 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы шартпен қолданыстағы кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлу нормативтерінің мерзімі 2018 жылғы 12 тамызға дейін деп айқындалған болатын.

Осы Хаттамада қолданыстағы кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлу нормативтерін 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту көзделіп отыр.

Атап өтсек, баж сомасы Армения үшін – 1,220 %, Беларусь – 4,560 %, Қазақстан – 7,055 %, Қырғызстан – 1,900 %, Ресей үшін – 85,265 % құрайды.

«Бұл кедендік әкелу баждары сомаларын бөлудің қалыптасқан режімін сақтау мақсатында қажет. Халықаралық шарттар туралы заңға сәйкес, хаттама ратификациялауға жатады», - деді Руслан Дəленов.

Заң жобасы Палата қарауына берілді.

Қымбат Елтайқызы

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы