Бүгiн 2026, 19:00 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

ЕАЭО-ның жаңа экономикалық күн тәртібі: Қазақстан не ұсынады?

Қазақстан төрағалығы кезеңінде ЕАЭО аясында цифрлық трансформация, жасанды интеллект және көлік-логистика саласындағы жаңа бастамаларға басымдық беріліп отыр.

Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы мен Еуразиялық экономикалық форум өтіп жатыр. Бұл – биылғы еуразиялық интеграциялық күн тәртібіндегі ең маңызды шаралардың бірі. Форум ЕАЭО-ның алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды алаңға айналмақ. BAQ.KZ тілшісі Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институтының басқарма төрағасының орынбасары, PhD доктор, саяси ғылымдарының кандидаты Манарбек Қабазиевтен Қазақстанның қандай бағытты ұстанғаны туралы сұрады.

Қазақстан ұсынған жаңа бағыт

Сарапшының пікірінше, Қазақстан бұл кезеңде цифрландыру, жасанды интеллект және логистикалық интеграцияға басымдық беріп отыр.

Биыл ЕАЭО органдарына төрағалық етіп отырған Қазақстанның осы іс-шараларды Одақ туралы шартқа он екі жыл бұрын қол қойылған елордада өткізуінің де өзіндік мәні бар. Қазір ЕАЭО әлемдік экономиканың терең өзгерістерге ұшырауы, логистикалық тізбектердің қайта құрылуы, технологиялық бәсекенің күшеюі және цифрландыру үдерісінің жеделдеуі жағдайында дамып келеді, - деп атап өтті сарапшы.

Айтуынша, осындай кезеңде өңірлік бірлестіктердің тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, нарықтарды кеңейту және ұлттық экономикаларды жаңғыртуға жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру қабілеті ерекше маңызға ие болып отыр.

Қазақстан еуразиялық интеграция ең алдымен прагматизмге, өзара тиімділікке және қатысушы мемлекеттердің ұлттық мүдделерін құрметтеуге негізделген экономикалық жоба болып қалуы тиіс деген ұстанымды дәйекті түрде қолдап келеді, - деді спикер.

ЕАЭО Қазақстан экономикасына не береді?

Сарапшы Қазақстан үшін ЕАЭО-ға қатысу ұлттық даму стратегиясындағы маңызды міндеттермен тікелей байланысты екендігіне тоқталды.

Одақ тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз етіп, отандық бизнеске қосымша мүмкіндік береді әрі өткізу нарықтарын кеңейтеді. Ішкі нарығы салыстырмалы түрде шағын және теңізге тікелей шығатын жолы жоқ мемлекет үшін бұл аса маңызды. ЕАЭО жұмыс істеген жылдары көптеген әкімшілік кедергілер жойылып, бизнес жүргізу мен азаматтардың еңбек етуіне қатысты шарттар айтарлықтай жеңілдеді. Қазақстандық компаниялар саны 185 миллионнан асатын ортақ нарыққа шығу мүмкіндігіне ие болды, - дейді саясаттанушы.

Айта кетерлігі, бұл әсіресе агроөнеркәсіп, металлургия, химия және машина жасау саласындағы отандық өндірушілер үшін маңызды.

Интеграцияның нақты нәтижесі статистикадан да көрінеді. 2025 жылы ЕАЭО елдері арасындағы тауар айналымы 95 миллиард долларға жетті. Қазақстанның Одақ елдеріне экспорты 10,1 миллиард долларды құрады. Кей бағыттарда экспорт көлемі төмендегеніне қарамастан, Қазақстан Арменияға экспортты 35,3 пайызға, Беларусьқа 58,3 пайызға, Қырғызстанға 14,8 пайызға арттырды. Бұл Одақ ішіндегі сұраныстың сақталып отырғанын және сауда бағыттарының біртіндеп әртараптанып жатқанын көрсетеді, - деп атап өтті спикер.

Пайымдауынша, макроэкономикалық өсімнің сақталуы да маңызды нәтиже болды. 2026 жылы ЕАЭО елдерінің жиынтық ішкі жалпы өнімі 1,7 пайызға өсті. Әлемдік тұрақсыздық жағдайында бұл қатысушы мемлекеттер экономикаларының тұрақтылығын білдіреді.

Еңбек мобильдігі саласындағы артықшылықтар да ерекше назар аудартады. Әкімшілік шектеулердің азаюының арқасында Қазақстан азаматтары ЕАЭО елдерінде қосымша рұқсатсыз және білім туралы құжаттарды күрделі рәсімдер арқылы мойындатпай-ақ жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Бұл әсіресе жас мамандар мен білікті кадрлардың еңбек нарығындағы мүмкіндігін кеңейтеді, - деді ол.

Қазақстан ЕАЭО-ның жаңа бағытын ұсынуда

Сарапшы Қазақстан интеграциялық процестерге қатысып қана қоймай, оның мазмұнын қалыптастыруға да белсенді араласып келе жатқанына тоқталды. 2026 жылы еліміз ЕАЭО органдарына төрағалық етеді, ал Еуразиялық экономикалық комиссияны Қазақстан өкілі басқарып отыр.

Бұл ұлттық бастамаларды ілгерілетуге және Қазақстанның еуразиялық интеграциядағы негізгі орталықтардың бірі ретіндегі рөлін күшейтуге қосымша мүмкіндік береді. Дегенмен ЕАЭО дамуының қазіргі кезеңі қол жеткізілген нәтижелерді сақтап қана қоймай, технологияға бейім, икемді әрі инновацияға бағытталған жаңа интеграциялық модельге көшуді талап етеді. Сондықтан Қазақстан төрағалық кезеңінде цифрлық трансформацияға, жасанды интеллектіні дамытуға, көлік-логистика инфрақұрылымын жаңғыртуға және өнеркәсіптік кооперацияның жаңа тетіктерін қалыптастыруға басымдық берді, - дейді Манарбек Қабазиев.

Спикер Астанада өтіп жатқан Еуразиялық экономикалық форумның басты тақырыбы «ЕАЭО жаһандық цифрлық бәсекеде: жасанды интеллектіге басымдық» деп белгіленуі кездейсоқ еместігін айтты.

Бұл – технологияны экономикалық ынтымақтастықтың қосымша құралы емес, негізгі қозғаушы күшіне айналдыруға бағытталған жаңа интеграциялық күн тәртібін қалыптастыру әрекеті. Қазақстан бұл процесте белсенді рөл атқаруға дайын екенін көрсетіп келеді. Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының құрылуы, CryptoCity пилоттық аймағының іске қосылуы, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп саласын цифрландыруға бағытталған бастамалар еліміздің жаһандық цифрлық экономикаға толыққанды қатысушы болуға ұмтылысын аңғартады. ЕАЭО аясында жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту туралы бірлескен мәлімдеме қабылдау бастамасының да маңызы зор. Бұл жасанды интеллект саласындағы ортақ тәсілдерді қалыптастыруға, тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды іске қосуға жасалған маңызды қадам, - дейді ол.

Осылайша, әлемдегі технологиялық бәсеке күшейіп жатқан жағдайда мұндай үйлестіру бүкіл еуразиялық кеңістіктің ұзақмерзімді бәсекеге қабілеттілігін арттыратын факторлардың біріне айналады.

Транзит, логистика және жаңа мүмкіндіктер

Сарапшы пікірінше, Еуразияның көлік-логистика жүйесін дамыту мәселесі де өзекті болып қала береді.

Негізгі халықаралық бағыттардың торабында орналасқан Қазақстан транзиттік және инфрақұрылымдық ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі. Ел аумағы арқылы Шығыс–Батыс және Солтүстік–Оңтүстік бағытындағы маңызды көлік дәліздері өтеді. Сондықтан еуразиялық логистиканың дамуы Қазақстан экономикасының экспорттық әлеуетіне тікелей әсер етеді. Биылғы форумның тағы бір ерекшелігі – халықаралық қатысушылардың кең ауқымда келуі, - деді Манарбек Қабазиев.

Астанаға ЕАЭО-ның байқаушы және серіктес елдерінің мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық ұйым жетекшілері, бизнес өкілдері мен сарапшылар шақырылғаны белгілі.

Бұл еуразиялық экономикалық кеңістікке өңірлік ынтымақтастықтың маңызды орталығы ретінде қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Қазақстан үшін ЕАЭО-ға төрағалық ету тек ұйымдастырушылық міндет емес. Бұл – интеграциялық процестерді прагматикалық әрі болашаққа бағытталған сипатта дамытуға мүмкіндік. Қазақстан ЕАЭО туралы шарт талаптарының қатаң сақталуын, қатысушылар теңдігін және тек өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты дәйекті түрде қолдап келеді, - деп атап өтті сарапшы.

ЕАЭО-ның болашағы қандай болмақ?

Сарапшы қазір әлемдік экономика күрделі әрі құбылмалы кезеңді бастан өткеріп жатқанына тоқталды.

Осындай жағдайда тәжірибеге негізделген кооперация, технологиялық серіктестік және инновацияға ашықтық интеграциялық бірлестіктердің тұрақтылығын қамтамасыз ете алады. Осы тұрғыдан алғанда, Астанада өтетін ЖЕЭК отырысы мен Еуразиялық экономикалық форум ЕАЭО-ның алдағы жылдардағы даму бағытын айқындайтын маңызды алаңға айналуы мүмкін, - деп түйіндеді Манарбек Қабазиев.