ЕАЭО елдерінен 15 мың азамат БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналарын аударды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ағымдағы жылдың басынан бері Қазақстан аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын ЕАЭО-ға қатысушы елдердің 15 мыңдай азаматы өздерінің тапқан табысынан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарнасын аударды.

Естеріңізге сала кетесек, 2019 жылғы 20 желтоқсанда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімге қол қойылды. 2020 жылғы 7 желтоқсанда «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы қабылданып, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.

ЕАЭО елдерінің азаматтары басқа мүше мемлекеттерде еңбек қызметін жүзеге асыруы кезінде, оларды зейнетақымен қамсыздандыру мәселесін құқықтық реттеу, жұмыс күшінің жүріп-тұру жолында осыған дейін болған кедергіні жоюға мүмкіндік берді және еңбек қызметін заңдастыруға қосымша ынталандырып отыр.

Келісім күшіне енгеннен кейін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілері еңбек қызметін жүзеге асырған мемлекеттің азаматтары сияқты зейнетақымен қамсыздандыру құқығына ие болды.

ЕАЭО-ға қатысушы әрбір ел еңбек етушіге оның аумағында жинақталған жұмыс өтілі үшін зейнетақы төлеуге (экспорттауға) міндеттенеді.

Зейнетақыны ЕАЭО-ның басқа елінде тұратынына қарамастан, еңбек етуші өзінің еңбек қызметін жүзеге асырған ЕАЭО-ға мүше мемлекет төлейтін болады.

Қазақстанда Келісімді іске асыру жөніндегі құзыретті орган ретінде БЖЗҚ белгіленді.

Қазақстанда, келісім шеңберінде, ЕАЭО-ның басқа мемлекеттерінің еңбек етушілеріне жинақтаушы зейнетақы жүйесінен зейнетақы төлемдері жүзеге асырылатын болады. Өйткені олар елде тұрақты тұратын азаматтармен және шетелдіктермен тең жағдайда, ағымдағы жылдың басынан бастап, БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайда аударуды жүргізуде.

 
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы