Бүгiн 2026, 20:38 Фото: Ақорда

ЕАЭО елдері ЖИ-ді дамыту туралы бірлескен мәлімдеме қабылдайды

Мемлекет басшысының сөзінше, бұл бастама алғаш рет 2025 жылдың желтоқсанында ұсынылған.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары жасанды интеллектіні жауапты дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдемені қабылдайды. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев V Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысының сөзінше, бұл бастама алғаш рет 2025 жылдың желтоқсанында ұсынылған.

Бүгін біз менің бастамаммен әзірленген жасанды интеллектіні жауапты дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдемені қабылдап отырмыз. Құжаттың басты мақсаты - Одаққа мүше елдердің экономиканың негізгі салаларын цифрландыруға қатысты ортақ ұстанымдарын бекіту және жасанды интеллект технологияларын өзара мүдделерді ескере отырып қауіпсіз енгізуді қамтамасыз ету, - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшыларына бастаманы қолдап, құжатты әзірлеуге атсалысқаны үшін алғыс білдірді.

Президенттің айтуынша, қазіргі жаһандық технологиялық және экономикалық өзгерістер кезеңі Еуразиялық экономикалық одақ елдері үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр.

Жаңа технологиялық және экономикалық құрылым негізінде қалыптасып жатқан қазіргі әлемдік өзгерістер біздің мемлекеттер үшін тарихи мүмкіндік кезеңін қалыптастырып отыр. Біз бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, жаңа әлемдегі позицияларымызды нығайтуымыз қажет, - деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту бағытындағы ортақ бастамалар ЕАЭО елдерінің цифрлық ынтымақтастығын күшейтіп, экономикалық интеграцияны жаңа деңгейге шығаруға ықпал ететінін атап өтті.