ЕАЭО елдері «Солтүстік-Оңтүстік», «Шығыс-Батыс» дәліздерінің әлеуетін бірлесіп ашуы қажет — Смайылов

Премьер-министр Әлихан Смайылов Еуразиялық даму банкінің қолдауымен Сочи қаласында (РФ) өткен III Еуразиялық конгресстің пленарлық сессиясында сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараға Үкіметтер басшылары: Әзербайжан – Әли Идаят оғлы Асадов, Армения – Никол Пашинян, Беларусь – Роман Головченко, Куба – Мануэль Марреро Крус, Қырғызстан – Ақылбек Жапаров, Ресей – Михаил Мишустин, Тәжікстан – Кохир Расулзода, Өзбекстан – Абдулла Арипов қатысты.

Әлихан Смайылов қазіргі жаһандық сын-қатерлер ЕАЭО елдерінен кеңейтілген форматтағы белсенді диалогты, әріптестік қатынастарды нығайтуды және бүкіл аймақтың өркендеуі үшін бірлескен күш-жігерді талап ететінін атап өтті.

Мұндағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – көлік инфрақұрылымын дамыту. Осылайша, «Солтүстік-Оңтүстік» және «Шығыс-Батыс» көлік дәліздерінің әлеуетін ашу бағытында бірлескен күш-жігерді пайдалану маңызды.

Біздің «Ақтау» және «Құрық» теңіз порттары, «Қорғас» орталығы, сондай-ақ Сиань құрғақ портындағы жоспарланған логистикалық орталық әлемдік нарықтарға қосымша қақпа бола алады. Бұл екі ел арасында қарқынды дамып келе жатқан тауар айналымына, сондай-ақ өсіп келе жатқан транзитке толық сәйкес келеді, — деді Әлихан Смайылов.

Бұл тұрғыда «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізін Транскаспий халықаралық көлік бағытымен (ТХКБ) байланыстырудың айтарлықтай әлеуеті бар, ол арқылы өткен жылы жүк тасымалдау көлемі екі еседен астам өсті.

Сонымен қатар біз «тар жерлерді» синхронды жою және көлік бағыттарын одан әрі дамыту бойынша атқарып жатқан жұмыстардың маңызы зор, — деді Премьер-министр.

Оның айтуынша, ынтымақтастықтың тағы бір мысалы – Ресей шекарасынан Қазақстан арқылы Қытайға дейінгі «Бақты-Аягөз» теміржолының құрылысы. Бұл жоба Еуразиялық даму банкінің қаржылық қолдауымен жүзеге асырылуда. Жаңа көлік жолы тауарларды жеткізу қашықтығы мен мерзімін айтарлықтай қысқартады деп күтілуде.

Сонымен қатар Қазақстан еуразиялық өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға: қосылған құны жоғары дайын өнімді қайта өңдеу және өндіру бойынша бірлескен кәсіпорындарды іске қосуға ерекше мән береді.

Үкімет басшысы кооперацияның сәтті жобалары ретінде «Лукойл» компаниясымен бірлесіп жағармай шығаратын зауытты, «Татнефть» компаниясымен бірлесіп шиналар шығаратын зауытты,«КАМАЗ»-ға арналған бөлшектер өндіретін зауытты және басқаларын атады.

Сонымен қатар біз құрылыс материалдарын, тыңайтқыштар мен химиялық өнімдерді, теміржол жылжымалы құрамын, ауыл шаруашылығы техникасы мен автокөлік құралдарын өндіруде үлкен әлеуетті көріп отырмыз. Басқа салаларда да бірлескен жобалардың жүзеге асуын құптаймыз, — деді Әлихан Смайылов.

Тағы бір маңызды бағыт – бұл ауыл шаруашылығы саласы. ЕАДБ бағалауы бойынша, Еуразиялық аймақтың агроөнеркәсіптік әлеуетін іске асыру 2035 жылға қарай 600 млн адамның, оның ішінде 240 млн тұрғылықты халықты және 360 млн-ға дейін үшінші елдердегі халықтың азық-түлікке деген қажеттілігін қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

Келешекте аймақтың азық-түлік өнімдерінің экспорты 2 есеге – $74 млрд-қа дейін артуы мүмкін. Әлеуетті іске асыру үшін алдыңғы қатарлы технологиялар мен цифрландыруды енгізуге ерекше назар аудара отырып, бірлескен жобаларға ден қою маңызды, — деп атап өтті Премьер-министр.

Ол сондай-ақ аталған барлық бағыттар бойынша Еуразиялық даму банкінің маңызды рөлін айтып өтті. Мәселен, Банк ЕАЭО шеңберіндегі қызметінің 17 жылы ішінде құны $13 млрд-тан асатын, табысты 257 жобаны қаржыландырды.

Банк маңызды жобаларды қаржыландыру бойынша белсенді жұмысты жалғастыруы тиіс деп есептеймін, — деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.

Анықтама: Еуразиялық конгреске ондаған елдің мемлекеттік органдарының, бизнестің, ғылыми және сараптамалық қауымдастықтарының өкілдері қатысуда. Талқылаудың басты тақырыбы – Еуразия кеңістігінің болашағы, трансшекаралық мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ), азық-түлік қауіпсіздігі, су ресурстарымен қамтамасыз ету, инвестициялау және Орталық Азия елдері капиталының өсуі үшін мүмкіндіктер.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: primeminister.kz
Өзгелердің жаңалығы