Бүгiн 2026, 11:13
Фото: Сауда және интеграция министрлігі
ЕАЭО елдері Ресейге тауар жеткізуді бақылаудың жаңа жүйесін талқылады
Жүйе 2026 жылғы 1 сәуірден бастап пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр.
Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында Ресейде тауар жеткізілімін күтуін растау жүйесін (СПОТ) енгізуге арналған кеңес өтті. Талқылауды өткізу бастамасын қазақстандық тарап көтерді.
Іс-шараға ЕАЭО елдерінің мемлекеттік органдары, бизнес қауымдастықтары мен салалық бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Жалпы талқылауға экономиканың түрлі саласынан 100-ден астам өкіл қосылды.
Ресейдің Федералдық салық қызметі мен Ресейдің Федералдық кеден қызметі өкілдері жаңа жүйені қолдану тәртібін түсіндіріп, Ресей нарығына тауар жеткізу тәжірибесіне қатысты сұрақтарға жауап берді.
СПОТ жүйесі ЕАЭО елдерінен Ресейге тауар тасымалданар алдында алдын ала тіркеуді қарастырады. Ол үшін алдағы тауар жеткізілімі туралы құжат рәсімделіп, жанама салықтар бойынша кепілдік төлем енгізіліп, жүйеде тіркелгенін растайтын QR-код алынуы тиіс.
Ресейлік тараптың айтуынша, СПОТ жүйесін енгізу «тауар айналымының ашықтығын арттыруға, жанама салықтардың толық төленуін қамтамасыз етуге және тауарлардың қадағалануын күшейтуге» бағытталған.
Жүйе 2026 жылғы 1 сәуірден бастап пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Ал 1 маусымнан бастап оны қолдану міндетті болады.
Талқылау барысында бизнес өкілдері жүйеде тіркелу, құжаттарды рәсімдеу мерзімі, кепілдік төлемдер, сондай-ақ жаңа талаптардың логистика мен жеткізу уақытына ықпалына қатысты мәселелер көтерді.
Ресей тарапы жаңа ережелер кезең-кезеңімен енгізілетінін мәлімдеді. Жүйенің жұмысын сүйемелдеу үшін Қазақстан–Ресей шекарасындағы 30 өткізу бекетінде мобильді топтар анықталған. Олар сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға консультациялық қолдау көрсетеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Ресейге экспорты шамамен 8,1 млрд долларды құрады. Жеткізілімнің едәуір бөлігі автомобиль көлігі арқылы жүзеге асырылады және жаңа СПОТ жүйесінің талаптары тікелей осы салаға қатысты болады.