ЕАЭО аясында тауарлардың шығу тегін анықтаудың жаңа жүйесі іске қосылады
Сенат тиісті құжатты мақұлдады.
Сенаттың жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындаудың үйлестірілген жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл заң Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан сыртқа шығарылатын тауарлардың қай елде өндірілгенін анықтаудың үйлестірілген жүйесі туралы келісімді ратификациялауға бағытталған. Аталған келісім 2023 жылғы 4 желтоқсанда Мәскеу қаласында жасалған.
Келісімнің негізгі мақсаты – Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кедендік аумағынан экспортталатын тауарлардың қай елде өндірілгенін анықтау, оны куәландыру және растау тәртібін біріздендіруге құқықтық негіз қалыптастыру.
Құжатта тауардың қай елде өндірілгенін анықтаудың бірыңғай өлшемдері белгіленген. Мәселен, белгілі бір елде толық өндірілген тауарларға пайдалы қазбалар, өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдері, сондай-ақ электр және жылу энергиясы сияқты өнімдер жатады.
Сонымен қатар құжатта тауардың шығу тегіне әсер етпейтін кейбір операциялар да нақты көрсетілген. Олардың қатарына, мысалы, тауарды жуу, буып-түю немесе қарапайым құрастыру сияқты жұмыстар кіреді.
Келісімге сәйкес тауарларды Одақ аумағынан әкету кезінде олардың шығарылған жерін растау әкету баждарын және тарифтік емес реттеу шараларын (тыйым салулар, квоталар, рұқсат беру тәртібі) қолдану шығарылған елге байланысты болған жағдайларда жүзеге асырылады. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін Еуразиялық экономикалық комиссияға осындай шаралардың бірыңғай тізілімін жүргізу жөніндегі өкілеттік беріледі. Келісім шеңберінде уәкілетті және верификациялаушы органдардың функциялары да айқындалады. Өндірістік үй-жайларды инспекциялауды және экспорттаушылардың коммерциялық құжаттамасын тексеруді қоса алғанда, тексерулер жүргізу тәртібі белгіленеді, - деп түсіндірді сенатор Сүйіндік Алдашев.
Еске салайық, бұған дейін Сенат Жоғарғы соттың бірқатар судьясын қызметінен босатты.