ЕАДБ Астрахань – Маңғышлақ магистральді су таратқышына қаржы бөлмек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еуразиялық Даму банкі Астрахань – Маңғышлақ магистральді су таратқышын қайта құру және кеңейту ісіне қаржы бөлуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еуразиялық Даму банкі мен «Қазмұнайгаз» және «ҚазТрансОйл» компанияларының арасындағы келісімге Петербор халықаралық экономикалық форумының алаңында қол қойылды. Су таратқышты қайта құру туралы тапсырманы Үкіметке президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған. Бұл нысан Атырау облысының Құрманғазы, Исатай және Жылыой аудандарындағы, сондай-ақ Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы және Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия, Түпқарағай аудандарындағы тұтынушылар үшін бірден-бір су көзі. Еуразиялық Даму банкінің мәліметі бойынша, Қазақстан – Еуразия құрлығындағы ең су тапшы елдердің бірі. Су қорының көлемі орташа алғанда бір адамға жылына 6 мың текше метр деп есептеледі. Мысалы, Ресейде бұл көрсеткіш 5 есе көбірек. Астрахань – Маңғышлақ магистральді су таратқышын қайта құру және кеңейту, оның қуатын күніне 110 мың текше метрден 170 мың текше метрге ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жоба биылғы жылдың аяғына қарай немесе келесі жылдың басында басталады деп топшылап отырмыз. Қазір жоба құнын алдын ала есептеп жатырмыз. Бірінші кезеңге 125 млрд теңге керек деп ойлаймыз, – дейді Еуразиялық даму банкі басқарма төрағасының орынбасары Амангелді Исенов.  
Мамандар жоба өзін толық ақтайды деп отыр.
Несие келісіміне сәйкес қаржыландыруды теңгеге шаққандағы негізгі мөлшерлемеге жақын меже бойынша ұсынамыз. Бұл тамаша шарттар. Осылайша біз Батыс Қазақстандағы бизнес пен өнеркәсіптің өркендеуіне жаңаша серпін бермекпіз. Жоба өзін толық ақтайды, – деді Еуразиялық даму банкі басқармасының төрағасы Николай Подгузов.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы