Ең төменгі жұмыссыздық деңгейі Астанада тіркелген

Астана, BAQ.KZ. Ең төменгі жұмыссыздық деңгейі елордада тіркелген, жалақы өсіп, коммуналдық тарифтер төмендеуде, медициналық қызмет сапасы жақсарып келеді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

2018 жылдың қорытындысы бойынша Астана қаласы тұрғындарының экономикалық даму мен әлеуметтік тұрақтылығының өсуі байқалуда, деп хабарлады стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасында.

Еңбек нарығына келетін болсақ, Астанада бұл салада жағдай тұрақты. Еліміз бойынша ең төменгі жұмыссыздық деңгейі - 4,5% елордада тіркелген. Сонымен қатар, біз 4 мыңнан астам медицина қызметкерінің жалақысы 20% көтерілген. Орташа айлық номиналды жалақы 5,6% өсті, жан басына шаққандағы номиналды ақшалай табыс - 9,4% құрайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес табиғи монополиялардың қызметтеріне тарифтер төмендеді. Атап айтқанда, электр энергиясына тариф - 13%, сумен жабдықтау және ағын суларға - 10%, жылу беру 9%, қоқысты шығару, лифт қызметтерін және пәтер иелерінің кооперативі (ПИК) қызметтері 5%-ға кеміді.

«Одан бөлек, 2023 жылға дейін Астана қаласының ықшамды дамуының кешенді жоспары бекітіліп, іске асырылуда. Жоспар аясында инфрақұрылым тұрғысынан алғанда, 121 км жол, 2 жол айырығы, 3 көпір, 1 жол өтпесі, 1 туннель, сондай-ақ жеңіл рельсті көлігінің 1-ші жолы (LRT), 150 км сумен жабдықтау желілері мен 81 км су бұру желілері салынады. Сондай-ақ, ағын сулар құбыры проблемасы да шешілетін болады», - деп атап өтті ведомствода.

Сонымен қатар, әлеуметтік инфрақұрылымдардың саны артады, жалпы 63 мың орынға арналған 37 мектеп пен 10 мектепке жапсарлас ғимарат, 25 жаңа балабақша, 15 денсаулық сақтау нысаны салынып, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында медициналық мекемелерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған «Үйдегі дәрігер» жобасы іске асырылатын болады. Астана қаласы бойынша «7-20-25» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктермен 22 млрд теңгенің несиесі мақұлданды (ҚР үлесі - 41%), бұл 1628 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Баспананы одан әрі қолжетімді ету және қала қызметтеріне ең қажетті мамандарды тарту үшін білім беру, денсаулық сақтау және полиция қызметкерлеріне тұрғын үй сатып алуға жергілікті бюджеттен 100 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Сертификат түрінде 1 млн теңгеге алғашқы 100 субсидия бөлінді. Биыл да 2 000 субсидия (сертификат) беру жоспарланған», - деп атап өтті қалалық стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы