22 Қыркүйек 2026, 12:34 Фото: pixabay.com

e-Qazyna: Мемлекеттік мүлікті басқару цифрлық форматқа көшеді

e-Qazyna платформасына AI мен Big Data енгізіліп, инфрақұрылым нысандарының тозуын алдын ала болжап, жөндеу уақытын анықтау жоспарлануда.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мемлекеттік мүлікті басқару саласын жетілдіруге арналған e-Qazyna.kz цифрлық платформасының мүмкіндіктері таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 6 қаңтардағы №1151 Жарлығымен жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында мемлекеттік мүлікті басқару саласын жетілдіруге баса назар аударылып отыр. Бұл ретте маңызды рөл атқаратынт e-Qazyna.kz цифрлық платформасы мемлекеттік мүлікті күтіп-ұстауға кететін шығындарды азайтып, тиімділікті арттыруға бағытталған. Бұны ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбеков ОКҚ брифингінде айтты.

2011 жылы Мемлекеттік мүлік туралы заңның қабылдануына байланысты жүйенің функционалы заңды түрде кеңейтілді. 2012 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Мемлекеттік мүлік тізілімін құру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес e-Qazyna.kz жаңа технологиялық платформаға қайта құру жұмыстары жүргізілді. Осы кезеңнен бастап жүйеде кең функционал іске асырылды және ол республикалық және коммуналдық меншік объектілерін есепке алу және басқару процестерін автоматтандыру үшін қолданыла бастады, – деді спикер.

Оның айтуынша, 2026 жылға қарай платформада мынадай бағыттарды қамтитын 40 цифрлық сервис қалыптасты. Олардың ішінде  активтерді жекешелендіру және сату, мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарды есепке алу, жалға беру және сенімгерлік басқаруға беру, мемлекетке сыйға тарту мен меншік мониторингі, электрондық сауда-саттық пен басшыларды іріктеу конкурстары сынды қызметтер енгізілген.

Бірыңғай цифрлық есепке көшу және шығындарды қысқарту

e-Qazyna.kz платформасының барлық міндеті мемлекеттік активтерді басқару тиімділігін арттыруға, яғни мемлекеттік мүлікті пайдаланудан түсетін кірісті көбейтіп, оны күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындарды айтарлықтай азайтуға бағытталған. Бүгінгі басты мақсат – мемлекеттік мүлік бойынша әр жерде жүргізілетін бытыраңқы есепті платформаның цифрлық кеңістігіндегі бірыңғай есепке көшіру.

Бұл жұмыс 2029 жылға дейінгі жол картасынұда қарастырылған. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Жанасыл Оспанов мәлімдеді.

Біз мемлекеттік мүлік объектілері мен оларды басқарушы субъектілердің цифрлық профильдерін енгізіп жатырмыз. Олар объектілердің бүкіл өмірлік циклін көруге, ал басқарушы субъектілерге оларды өзекті деректер негізінде басқаруға мүмкіндік береді, – деді Оспанов.

Оның сөзінше, платформа есептегі мәліметтерді объект туралы нақты ақпаратпен біріктіреді. Жүйеде объектілердің жаңартылған фотосуреттері мен дәл географиялық координаттары сақталады, сондай-ақ нақты уақыт режимінде ғарыштық мониторинг деректерін пайдалану көзделіп отыр.

Мемлекеттік тізілімнің бірыңғай цифрлық базасында барлық стратегиялық, жер үсті және жер асты ресурстарын автоматты түрде есепке алу көзделген. Оған жер мен су ресурстары, орман қоры, жер асты сулары, көмір төсеніштері мен кен орындары кіреді.

Жанасыл Оспановтың  мәлімдеуінше, алдағы уақытта мемлекеттік активтерді алдын ала талдап, тиімді басқару үшін жүйеге жасанды интеллект (AI) пен үлкен деректер (Big Data) құралдары енгізіледі. Спикердің түсіндіруінше, деректер көбейген сайын бұл инфрақұрылым объектілерінің тозуын алдын ала болжап, жөндеу жұмыстарын қай уақытта жүргізу керектігін анықтауға көмектеседі.

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің 79 функциясының 36-сы цифрландырылып, соның 26-сы (72%-ы) қазірдің өзінде автоматтандырылған. Олардың қатарында жалға беру мен жекешелендіру бар. Биылғы жылдың төртінші тоқсанында тағы 8 функцияны пилоттық режимде автоматтандыру көзделген, – деп атап өтті Оспанов.

Жиын барысында теңгерім ұстаушының цифрлық профилі кезең-кезеңімен енгізілетіні атап өтілді.

Теңгерім ұстаушының цифрлық профилі кезең-кезеңімен енгізіледі: 2026 жылы – ғимараттар мен құрылыстар, 2027 жылы – жер учаскелері, 2028-2029 жылдары – көлік, жабдықтар және басқа да активтер. Енгізу кезектілігі бастапқы деректер берілетін ақпараттық жүйелермен интеграцияның дайындығына байланысты болады. Бұл трансформацияның негізгі шарты – Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңына тиісті түзетулер енгізу, – деп атап өтті спикер.