"Еңбек" бағдарламасы: елордалық 1 212 кәсіпкер өз ісін бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен жылы 1212 елордалық грант алды. Оның ішінде: жастар – 858, көпбалалы отбасылар – 6, мүгедектер – 59, АӘК алушылар – 33 адам өз бизнесін іске қосты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. 

Мемлекеттік бағдарлама еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби дағдылар мен біліктілік алудың тиімді жүйесін құруға, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауды қоса алғанда, еңбек делдалдығының тиімді моделін құруға бағытталған. 

Аталмыш бағдарлама негізінде кәсібін дөңгелеткен адамдардың бірі – Артем Арешкин. Ол өткен жылдың сәуірінде Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгініп, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант бағдарламасына қатысуға шешім қабылдады. Осылайша, "Электротехникалық және монтаждау жұмыстары" бизнес-идеясын ұсынып, 252 500 теңге көлемінде грант алды. Бүгінгі күні жас кәсіпкердің Retro Light қызметтері нарықта сұранысқа ие. 

Сондай-ақ бағдарлама бағыттары бойынша жоғары оқу орнын бітірген жастарға да қолдау көрсетіледі. Екі жыл бұрын Айнұр Мұқашова С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін сәулет мамандығы бойынша тәмамдаған. 

Мен өткен жылдың 4 ақпанында Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіндім. "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында өтініш білдірген күні "Группа компаний Табыс Плюс" ЖШС жастар тәжірибесін өтуге жіберілдім. Қазір, міне, сәулетші ретінде жұмыс істеп жатырмын. Сол үшін алғыс білдіремін, өйткені осы бағдарлама тәжірибе алуға және кейіннен мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға мүмкіндік берді, - деді ол. 

Одан бөлек, "Еңбек" бағдарламасы аясында болашақ кәсіпкерлерге шағын несие беріледі.  

Мен университетті бітірген соң отбасылық бизнесті одан әрі дамытуды шештім. "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы туралы білгеннен кейін кәсіпкерлік қызмет негіздеріне оқыту курсына жазылдым. Автобөлшектерді сату нарығын зерделей отырып, өз ісімді кеңейтуді ұйғардым. Осылайша, сауда жасау үшін шағын несие алдым. Қазіргі уақытта қала бойынша 3 сауда нүктеміз жұмыс істейді, бизнес тұрақты табыс әкеледі. Авто бөлшектер мен сатылымдарға деген сұраныс өсуде. Сондай-ақ, бизнесті кеңейту оған халық үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді, - деді кәсіпкер Бақыт Қажымұқан. 

Айта кетсек, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына жаңа енгізілімдер күшіне енді. Қазіргі кезде кәсіптік оқыту оқытылған адамдарды жұмысқа орналастыруға кепілдік беретін жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша жүзеге асырылады.⠀

Сондай-ақ көпбалалы және табысы аз отбасы мүшелерін кәсіпкерлікке тарту үшін оларға микрокредиттер жылдық 4% - дан аспайтын пайыздық мөлшерлемемен 7 жылға дейінгі мерзімге берілетін болады.⠀ 

Жаңа ережеге сай, халықтың барлық санаттары үшін бірыңғай мемлекеттік гранттардың мөлшері 200 АЕК-ті құрады. Сонымен бірге көпбалалы және табысы аз отбасылардың мүшелері алдын ала оқытусыз грант алуға құқылы.⠀ 

Осы жылдан бастап жастар тәжірибесіне "Бірінші жұмыс орны" және "Ұрпақтар келісімшарты" жобалары енгізілді. Бірінші жоба бойынша 29 жастан аспаған, оның ішінде NEET санатындағы азаматтарға, жұмыс тәжірибесі жоқ, білім беру ұйымдарының түлектеріне, еңбекке жарамды мүгедектерге бірінші жұмыс орнына жұмысқа орналасуға мүмкіндік беріледі.

Екінші жоба зейнеткерлік жасқа жеткен жұмыс істейтін қызметкерді кейіннен ауыстыра отырып, жұмысқа орналастыруды көздейді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы